Эпштейннің ісі Трамптың қатысы бар болғандықтан тергелмей отыр

Эпштейннің ісі Трамптың қатысы бар болғандықтан тергелмей отыр. АҚШ Конгрессі Бас прокурорға айып тақты. Пэм Бонди де қалыс қалмай, алдыңғы 4 жыл не бітірдіңдер, - деп сұрақ қойып, қарсы шабуыл жасады. Ал, АҚШ вице-Президенті Джей-Ди Вэнс спортшыларға саясат туралы сөз қозғамай, тыныш жүріңдер, - деп жекіді. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Эпштейннің ісі неге толық тергелмеді? Осылай деп, - АҚШ Конгрессінің мүшелері Бас Прокурорды сұрақ астына алды. Оларың айтуынша, қаржыгер Джеффри Эпштейннің жалғыз өзі ғана қылмыскер болуы мүмкін емес. Талай адам жазадан сытылып кетті, - дейді халық қалаулылары. Оның үстіне, Трамптың жасырын аралда жүргені таспаға талай түссе де, неге тергелмегендігі, Конгрессмендердің ашу-ызасын туғызған. Артынша, Пэм Бондиге де айып тағылды. Бірақ, ол келіспей, жаға жыртыса жаздады.

ПЭМ БОНДИ, АҚШ БАС ПРОКУРОРЫ:

Осында отырғандар алдыңғы Президент әкімшілігі кезінде де қызмет атқардыңыздар. Сол кезде, осы тергеу туралы неге ештеңе демедіңіздер? Енді отырып, Президентке жала жауып отырсыздар. Дональд Трамп – ондай адам емес. Біле білсеңіздер, файлдағы адамдардың ішінде демократтар да бар. Сондықтан, саяси таяқтың ұшы өздеріңізге тиіп кетпесін!

Мемлекеттік нысандардың қауіпсіздігі, атыс қаруларын таратпау секілді мәселелер жақын арада Канада Парламентінде қаралады. Премьер-министр Марк Карни осындай бастама көтерді. Кеше Британдық Колумбия провинциясында мектепте болған атыстан 10 адам қаза тапты. Қылмыскер жантүршігерлік қылмыс жасағаннан кейін, өз-өзіне қол жұмсаған.

МАРК КАРНИ, КАНАДА ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Осы қайғылы оқиға толыққанды саясаткерлердің мойнында деп айтуға негіз бар. Мен оны түсінемін. Өйткені, осы уақытқа дейін де, қарапайым азаматтар арасында автоматтардың таралуы қозғалған. Алайда, заң жүзінде шектеу сол күйі қойылмады. Бұл жолы істі соңына дейін жеткіземіз.

Олимпиадаға бардыңдар ма, шаңғыларыңды киіп, жарысқа түсіп тыныш жүріңдер. АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Миландағы спортшыларға жекіді. Төртжылдықтың басты спорттық додасында АҚШ құрамасының мүшелері Трамптың иммиграциялық саясатына қатысты сынды көп айтып жүр. Сондықтан, Президенттің орынбасары саясаттан аулақ жүріңдер, - деп ескертті.

ДЖЕЙ ДИ ВЭНС, АҚШ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Миландағы Ұлттық құрама мүшелері демократтардың, не республикалықтардың атынан қатысып отырған жоқ. Олар бүкіл АҚШ намысын қорғап жатыр. Сондықтан, өз өрелері жете қоймайтын мәселеге тұмсықтарын сұғу – қате деп ойлаймын. Әр салада өз ісінің маманы жүрген дұрыс. Біз сондай шешім қабылдасақ, Ұлттық қауіпсіздігімізді ойлаймыз деген сөз.

Футболдан биыл жазда өтетін әлем чемпионатында АҚШ-та өтетін ойындарға қалаған жанкүйер бара алмайды. Себебі, Трамптың шекаралық заңсыз көшіп-қонуға қарсы Агенттігі футбол додасына баруға ниет білдіргендерді қатаң тексереді. Қазірдің өзінде, визаны өз қалауымызша таратамыз, - деп мәлімдеді Агенттік. Ол дегеніміз Мундиальдің ашылу салтанаты мен финалдық бәсекені мүмкіндігі бола тұра миллиондаған жанкүйер бара алмай қалуы мүмкін.