Тасымалмен келетін тасбақа, тиын, жылан секілді жануарлар індет таратып жатқан жоқ па?

  • AstanaTV
  • 12 ақпан 2026

Тасбақа, тиын, жылан секілді жануарлар қорапқа салынып тасымалдануда. Қытай асып келемін дегенше тұншығып өлетіндері де жетерлік. Соған қарамастан тапсырыс берушілер толастар емес. Олар түрлі инфекция тасымалдап жатқан жоқ па? Жалпы тіршілік иелерін әкелуге рұқсат етілген бе? Әріптесім Әйгерім Есенкелді анықтады.

Қытай сайттарын ашсаңыз, балық, тиын, тіпті жыланды да қиналмай табасыз. Іздей берсең, түрлі тіршілік иелері саудаға салынған. Саны мыңнан асып жығылады. Қызық қуалап, тасымал сапасын ескермей тапсырыс бере салатындар көп. Тірі тауар келгенде уақытында алмай, қоймада ұзақ тұрып қалатындары да болады екен.

БАЛШЕКЕР ПІРМАХАНОВА, ТАСЫМАЛДАУШЫ:

Қазіргі кезде жәндіктер, жануарлар тапсырыс беретін клиенттер өте көбейіп кетті. Біз оны қытай қоймасында да, Алматы қоймасында да негізінде байқай қоймаймыз. Байқаған жағдайда өліп келу көп кездеседі. Олардың иісі шығады. Ашқан жағдайда көбінесе тасбақалар,балықтар, жылан тапсырыс берген кездер де болады.

АЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:

Апталап ас-сусыз келген тірі ағзалар осы қораптардың ішінде жатады. Қабылдап алған  қызметкерлерге оны иесі келмейінше ашуға рұқсат жоқ. Адам төзгісіз иіс шықса ғана ашуға мәжбүр боламыз дейді.

Бірі бағамын деп алса, енді бірі тірі жанды ойыншық көріп, ермек етеді. Ал олардың ауа жетпей, қалай келетінен, қандай күтім қажет екенінен де мүлде бейхабар.

ЖАННА ИСИНГИРИНА, ҚР ЗООҚОҒАМДАСТЫҒЫ АЛЬЯНСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ең алдымен, жануарларды тиісті карантинсіз және қажетті тексерусіз заңсыз әкелу түрлі жұқпалы аурулардың таралу қаупін арттырады. Қытай маркетплейстеріндегі кез келген тауардың қолжетімді болуы бұл міндетті түрде қытайлық өнім деген сөз емес. Бірақ тауарлардың алуан түрлілігі, соның ішінде экзотикалық, заңды әрі заңсыз жануарлардың да сатылып жатқаны, тиісті бақылаудың жоқтығы мемлекеттік органдарды осы бағытта заңдастырып, бақылауды күшейтуге ынталандыруы тиіс.

Тауар жеткізу орталықтары тапсырыстың мұндай түріне тыйым салған. Бірақ бірінші кезекте жауапкершілік - жеткізу компаниясына жүктеліп, ал тапсырыс берушілер айыппұлмен шектеледі. Онлайн тапсырысты тіршілік иелеріне қолданып, зиян келтіргендер заң аясында жауапқа тартылып, обал жасамауды ескеру керек.