Декреттік демалысқа шығатын әкелер көбейген

Елде бала бағып, декреттік демалысқа шығатын әкелер көбейген. Бірі мұны отбасы жауапкершілігін тең бөлісудің көрінісі десе, енді бірі дәстүрлі құндылықтарға қайшы қадам деп есептейді. Әкелердің декретке шығуы - қоғам үшін қаншалықты дұрыс шешім? Әріптесім Ақбота Базарбай тақырыпты ашып айтады.

Бас қаланың тұрғыны Иса тұңғышы дүниеге келген кезде-ақ демалыс алып, жарына қолдау көрсеткен. Айтуынша, әкенің баланың алғашқы кезеңдерінде жанында болуы жаңа босанған анаға да, сәбиге де оң әсер еткен. Сондықтан келесі жолы да декретке шығып, баланың дамуының ең маңызды сәттерінде қасында болуды жоспарлап отыр. Оның пікірінше, мұндай қадам отбасының беріктігін арттырып, ерлі-зайыпты арасындағы құрмет пен махаббатты нығайтады.

ИСА ТОҚТЫБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Балаңның ең алғашқы қылықтары шығып, ең алғашқы бір әлеммен танысып жататын ең алғашқы 3 айы мысалы ең бір қауіпті ай дейді. Сол 3 айға дейінгі адам болып кетуіне шейін жанында болу жақсы бір зат. Баланың жағынан қарайтын болсақ балаға әкесі де, анасы да махаббатын беріп, энергиясын беріп отырудың өзі жақсы бір күшті сезім сылайды деп ойлаймын. Және де отбасының ішіндегі әйел адам мен еркек адамның арасындағы бір-біріне деген құрметі артады.

Дегенмен, декретке шыққан әкелер көбіне сыртқы қысыммен бетпе-бет келеді. Түсінбеушілік, мысқылдың бары жасырын емес. Бірі әкенің декретке шығуын отбасы үшін пайдалы десе, енді бірі оны дәстүрлі ер азаматтың рөліне сай келмейді деп санайды.

БЛИЦ:

- Жақсы ғой, әйел демалады. Балаға деген өзінің құрметі, уақыт бөлуі ол өте жақсы.

- Қате деп ойлаймын. Еркек адамның декретке шығуы дегенді бірінші рет естіп тұрмын сізден.

- Көмек жасайды ғой, обьязательно. Баланы күтеді ғой. Өте жақсы жағдай деп ойлаймын мен.

Әлемнің бірқатар елінде әкенің декретке шығуы бұрыннан қалыпты тәжірибе. Мәселен, Скандинавия елдерінде бала күтімі демалысының белгілі бір бөлігі тек әкелерге ғана беріледі. Егер әке пайдаланбаса, ол күндер «жанып кетеді». Бізде де заң бүгінде әкелерге бала күтімі демалысына шығуға құқық береді. Әлеуметтік және Еңбек кодекстерінде бұл норма нақты көрсетілген. Көп жағдайда әкенің декретке шығуына отбасының қаржылық жағдайы да әсер етеді. Кей отбасында әйелдің табысы жоғары болса, әкенің бала күтімімен қалуы тіптен тиімді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сүйенсек, декретке шыққан әкелердің саны жылдан-жылға артып келеді. Алдыңғы жылы 583 ер азамат бала күтімімен демалыс алса, былтыр жыл басында 800-ге жуық әке декретке шығуына байланысты әлеуметтік төлем алған.

АЗАМАТ МАХАМБЕТ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Кім баланы қарау керек, кім жұмыс істеу керек дегенді отбасы өзі шешу керек сияқты. Бұған экономикалық себепті айтамын. Кім көбірек ақша табады сол жұмысты жалғастырғаны жақсы сияқты. Немесе кім баланы қарауға, уақыт бөлуге күшін жұмсауға дайын, кім балажан табиғатынан сол баланың қасында көбірек болса сол жақсырақ сияқты.

Мамандар бұл мәселені тек заң немесе экономика тұрғысынан емес, психологиялық жағынан да қарастыру қажет дейді. Көп жағдайда ер адамның өзін қоғамда дәлелдеуі маңызды. Бірақ әкемен ерте жастан тығыз қарым-қатынаста өскен балалардың өзіне деген сенімі жоғары, эмоциясын ашық білдіреді. Әке мен ана рөлінің тең бөлінуі баланың тұлғалық дамуына оң ықпал етеді дейді.

АНАРГҮЛ ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

Келісіммен ғана ерлі-зайыптылар материалдық жағдайды жақсарту жағдайында ғана осы жағдайға баруы мүмкін. Бірақ көп уақытты әйел азамат баламен уақыт өткеру керек. Әрине, ер азамат та баланың  тәрбиесіне қатысу керек, бала тәрбиесіне өз үлесін қосу керек. Дегенмен де ер азамат үшін әлеуметтену өте маңызды.

Әкелердің декретке шығуы - Қазақстан қоғамында енді ғана қалыптасып келе жатқан құбылыс. Заң мүмкіндік беріп отыр, статистика өсіп келеді. Алайда ең бастысы отбасы ішіндегі келісім мен баланың мүддесі.