Бүгін Астанада елдің жетекші қоғамдық-саяси күштері «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Жалпыұлттық коалицияға бірікті. Құрамына бес саяси партияның өкілдері мен 300-ден астам қоғамдық ұйым кірді. Олар миллиондаған азаматтың мүддесін білдіреді. Жиынға қатысушылар Жаңа Конституция жобасы саяси жүйені қоғамның жаңа талаптарына сай жаңғыртатынын атап өтті. Құжат билік тармақтарының тиімді әрі тұрақты жұмыс істеуіне негіз болады. Мәжіліс Спикері, Коалиция жетекшісі Ерлан Қошановтың айтуынша, Жаңа Конституция – тарихи маңызы бар құжат. Онда басты құндылық ретінде адам және оның құқықтары айқын көрсетілген. Мемлекеттің ең үлкен байлығы – табиғи ресурстар емес, білімді де бәсекеге қабілетті ұрпақ екені нақты белгіленген.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ КОАЛИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:
Қазақстанның жаңа Конституциясы – осы іргелі реформалардың шырқау шыңы. Бұл – Президентіміздің жылдар бойғы ой-толғамдарының жемісі. Халықтың мұң-мұқтажы, талап-тілегі мен үміт-сенімі ұштасқан тарихи құжат. Сондықтан Жаңа Конституция халықпен бірге жазылған – нағыз Халықтық Конституция деуге толық негіз бар. Біз келер ұрпаққа әр азамат мақтан тұтатын, Өркендеген, Әділетті Қазақстанды қалдыруымыз керек. Бәрімізді біріктіретін осы асқақ арман. Сол арманға – Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанға Президентімізбен бірге жетейік.
Жиында сөз сөйлеген партия жетекшілері мен депутаттар құжат саяси жүйені жетілдіріп, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге және ұлттық құндылықтарды дамытуға бағытталғанын жеткізді. Сонымен қатар елде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты нығайып, Конституциялық Сот жұмыс істеп, заңсыз активтер қайтарылып жатқаны атап өтілді. Жаңа Негізгі заң ашық талқылау негізінде әзірленіп, 10 мыңға жуық ұсыныс ескерілген. Коалиция алдағы референдум қарсаңында өңірлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әр азаматтың саналы таңдау жасауына мүмкіндік бермек. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Жаңа Конституцияның стратегиялық маңызына тоқталып, оның Қазақстанның білім мен ғылымға, инновацияға негізделген дамыған ел болуына жол ашатынын айтты.
ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:
Жаңа констутцияда қарапайым адамдардың мүддесіне бағытталғанын көрсетеді. Себебі мемлекеттік басты қазынасы да тірегі де оның азаматтары. Бұл Жаңа констутцияда нақты айқындалды. Сондықтан, бұл – азаматтарға үміт беретін констутция