Есіл ауданында «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты құрылды

  • AstanaTV
  • 12 ақпан 2026

Елордада «AMANAT» партиясының «Есіл» аудандық филиалында Әйелдер қанатының ресми ашылуы өтті. Бастама әйелдер көшбасшылығын дамытуға, гендерлік теңдікті ілгерілетуге және олардың қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді араласуына бағытталған.

«AMANAT» партиясы жанынан құрылған  Әйелдер қанатының жаңа филиалы өз жұмысын бастады. Ашылу салтанатына қоғам және бизнес өкілдері, медиа мамандары, жоғары оқу орындары мен денсаулық сақтау саласының өкілдері қатысты.

ШОЛПАН КАРИНОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ, ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Әйелдер қанатының құрылымы ашылып отыр. Бұл «AMANAT» партиясындағы әйелдер қанатының белсенділігін көрсетеді. Барлық Қазақстанның 20 өңірінде әйелдер қанаты құрылды. Олардың негізгі жұмыстары - әйелдердің белсенділігін қолдау.

Іс-шара барысында қатысушылар әйелдердің саяси көшбасшылығын қолдау, зорлық-зомбылықтың алдын алу, ауыл әйелдерінің кәсіпкерлігін дамыту және денсаулық мәселелерін көтеру бағытындағы алдағы жоспарларды талқылады.

САЛТАНАТ ДЖЕНАЛАЕВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қазір 6 үлкен районымыз бар. Сол әрбір районнан осындай әйелдер қанаты филиалы болып ашылса, ол да бізге үлкен бір көмек. Өйткені, қазір партияластарымыздың арасында 60 пайызы әйел адамдар.

Жаңа құрылым елордадағы нәзік жандылардың  бастамаларын біріктіріп, олардың қоғамдағы рөлін күшейтуге мүмкіндік бермек.

САҒИЛА НҰРЛАНОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЕСІЛ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Әйелдер қанаты тек құрылымдық емес рухани алаң деп айтуға болады. Әйел бақытты болса, отбасыда береке болады. Отбасы берекелі болса, қоғам тұрақты болады. Қоғам тұрақты болса, мемлекетіміз қуатты болмақ.

Әйелдер қанаты - партия эгидасымен жүзеге асатын қоғамдық-саяси алаң. Ұйым әйелдердің басқару, кәсіпкерлік, ғылым, креативті индустрия және әлеуметтік саладағы әлеуетін арттыруды көздейді.