Конституция бойынша референдум – саяси жүйені демократияландыру жолындағы маңызды қадам. Бұл туралы сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматы қаласына жасаған сапарында айтты. Ол онда қалалық мәслихат депутаттарымен, жұртшылықпен, этномәдени бірлестіктердің мүшелерімен және белсенді жастармен кездесті. Жүздесу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі мәні мен алдағы республикалық референдум аясындағы бірлескен жұмыстың басым міндеттері айтылды. Талқылау барысында сарапшылар мен талдау орталықтарының өкілдері алдағы референдум аясындағы бірлескен жұмысқа қатысты ұсыныс-ойларын айтып, өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен барлық салада кешенді жаңғыртулар жүзеге асырылуда. Конституциялық реформа – сол іргелі өзгерістердің заңды әрі дәйекті жалғасы. Мемлекет басшысының Жарлығымен жаңа Конституция жобасы республикалық референдумға шығарылды. Осылайша, 15 наурызда азаматтар өз таңдауын жасайды. Бұл – елдің саяси жүйесін демократияландыру жолындағы маңызды қадам. Жаңа Ата Заңда мемлекеттілікті нығайтуға, Тәуелсіздікті күшейтуге және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға баса мән берілген.