Жетісу өңірінде жолда қалған екі азамат дер кезінде құтқарылды. Қысқы жол – адам төзімі мен өзара қолдауды сынға салатын кезең. Осындай күрделі сынақ Ешкіөлмес ауылы тұрғындарының да басынан өтті. 12 ақпан күні түске таман 38 және 67 жастағы екі ауыл тұрғыны "Delico" автокөлігімен Қаратал ауданы Үшкөл аумағындағы мал шаруашылығы нысанына жолға шыққан. Сапардың мақсаты – шаруашылыққа қажетті құрал-жабдықтар мен күнделікті мал бағу жұмысына қажет заттарды жеткізу болатын.
Азаматтар межелі жерге кешкі сағат жетілер шамасында жетіп, жоспарланған жұмыстарын толық орындаған. Шамамен сағат сегіздерде кері қайтқан оларды жолда күтпеген қиындық тосып тұрды. Қалың қар басқан учаскеде көлік ылғалды, батпақты қарға батып, орнынан қозғала алмай қалған. Өз күштерімен шығуға жасаған әрекеттер нәтиже бермеді. Түн қоюланып, ауа температурасы төмендеген сайын жағдай күрделене түсті. Маңайда елдімекен болмағандықтан және қараңғы уақытта жолға шығу қауіпті екенін ескерген азаматтар ең дұрыс шешім қабылдап, көлікте қалып, көмекті күтуді жөн санады. Таң ата үмітті сәтте жетті. 13 ақпан күні шамамен сағат 10:00-де полиция қызметкерлері төтенше жағдайлар бөлімінің мамандарымен бірлесіп, ауыл тұрғындарын тауып, қауіпсіз жерге эвакуациялады. Құтқарушылардың үйлесімді әрі кәсіби іс-қимылының арқасында операция сәтті аяқталды. Қазіргі уақытта азаматтар үйлеріне аман-есен оралды. Денсаулық жағдайлары қанағаттанарлық, медициналық көмек қажет болған жоқ. Бұл оқиға қыс мезгілінде алыс жолға шығар алдында мұқият дайындалудың, қауіпсіздік талаптарын сақтаудың және төтенше жағдайда дер кезінде көмекке жүгінудің маңызын тағы бір мәрте айқын көрсетті. Сондай-ақ қиын сәтте адам өмірін қорғауды басты міндеті санайтын мамандардың әрдайым қасымыздан табылатынын дәлелдеді.