“Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты” - Айдос Сарым

Фото: скриншот

Конституцияға цифрлық құқық мәселесі енгендіктен барлық кодекс пен заңдар өзгереді. Бұл туралы «Референдум-2026» онлайн марафоны барысында Мәжіліс депутаты Айдос Сарым айтты.

— Бүгінде адамның физикалық ғұмыры бар, яғни күнделікті көшеде жүреміз, үйде боламыз деген сияқты. Бұл — нақты физикалық өміріміз. Бірақ, қарап отырсаңыздар сонымен қатар Digital өмір пайда болды. Біздің білім алуымыз, ілім алуымыз, сауда жасауымыз сол ортаға еніп жатыр. Біз көптеген елдің алдын орап, Конституциямызға тұңғыш рет цифрлық құқық мәселесін енгізіп отырмыз. Осының аясында көптеген кодекстің, заңдардың өзгеретіндігі анық. Бұл үлкен жаңалық, — деді депутаты.

Оның айтуынша, Конституция қағидат ретінде бекітіледі.

— Конституцияның бүкіл бабына өзгеріс енді. Осыдан кейін жаңа Құрылтай барлық кодексті, заңдарды қайта жазып шығады. Сол кезде біздің заңнама өзгереді. «Конституция қабылдаудың себебі не?» дедіңіз ғой. Біз бір дәуірді аяқтадық. Оны посткеңестік кезең деп айтуға болады. Жаңа, шын тәуелсіз кезеңге аяқ бастық. Сонымен қатар мұнай дәуірін аяқтадық. Мұнай табу қала беретін шығар. Дегенмен, Digital заманы келді. Енді мұндайдың энергиясына емес, адамның энергиясына негізделген экономика керек. Бізде шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызға жетті. Бұл үлкен жетістік. Бірақ, мұнан да артуы керек. Сонда ғана экономикамыз да, мемлекет те қарапайым халыққа тәуелді болады. Сол кезде ғана бір-бірімен астасып, қолдап жатады. Конституцияның үлкен бір өзгерісі бұрын бір бапта «биліктің қайнар көзі — халық» дейтінбіз. Енді егемендіктің де қайнар көзі мен қорғаны халық дейміз. Демек, жауапкершілікті бөлетін, ортақ ететін дәуірге келдік, — деді Айдос Сарым.