Димаш Құдайберген Михаил Шайдоровты Олимпиада ойындарындағы тарихи жеңісімен құттықтап, көлік сыйлайтынын айтты.
Құрметті ағайын, не деген мереке, не деген той! Мұз үстіндегі қимылың мен өнерің тек чемпион ғана емес, бүкіл жұртқа үміт пен рух, шабыт сыйлаған үлкен азаматқа айналдырды. Еліміздің саңлағы, менің досым, өзіңнің ағаң — халқымыздың өкінішке қарай, маңдайына сыймай кеткен асыл перзенті Денисімізді жоқтатпай, ағаңның алдындағы борышыңды, еліміздің, халқымыздың алдындағы міндетіңді жоғары деңгейде өтедің, — деп жазды Димаш Құдайберген.
Сондай-ақ, әнші Олимпиадада өзінің орындауындағы әнді таңдағаны үшін алғысын білдіріп, чемпионға жеке атынан автокөлік сыйлайтынын айтты.
- Болашақта жолың жарқын болсын, әлемді бағындырып, жаңа биіктерге жет! — деп жеткізді ол.
Айта кетейік, Михаил Шайдоров араға 32 жыл салып қысқы Олимпиада ойындарында алтын жеңіп алды. Ол еркін бағдарламасын Димаштың әніне орындап шықты.