Премьер-министр Олжас Бектенов Астана қаласы бойынша жұмыс сапары аясында Президенттің экономиканы әртараптандыру және технологиялық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес елорданың негізгі индустриялық және цифрлық даму жобаларының жүзеге асырылу барысын тексерді. Өндірістік әлеуетті нығайтуға, заманауи технологиялық шешімдерді енгізуге және қаланың цифрлық жүйелерінің тұрақтылығын арттыруға ерекше назар аударылды.
Елордада өнеркәсіп негізінен өңдеу секторынан тұрады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,4 трлн теңгеден асты. Өнеркәсіп кәсіпорындарының негізгі бөлігі №1 Индустриялық парк аумағында шоғырланған. Өндірістік портфель жалпы құны 333,3 млрд теңге болатын 137 жобаны қамтиды, онда 9 500-ден астам жұмыс орны қаралған.
Сапар барысында Премьер-министр «Автокомпоненты KZ» ЖШС-нің өрт сөндіру және арнайы техника мен аспалы жабдықтар өндіретін зауытының қызметімен танысты. Кәсіпорын 2025 жылдың қаңтар айында іске қосылған. Жобаны жүзеге асыруға 5,1 млрд теңгеден астам жеке қаражат бағытталды. Кәсіпорын Кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауына ие болды.
Өндіріс директоры Александр Плужников зауыттың жобалық қуаты жылына 400 бірлік техникаға дейін жететінін хабарлады. Оның ішінде өрт сөндіру автоцистерналары, вахталық фургондар және коммуналдық-жол машиналары бар. Өнімдер Төтенше жағдайлар министрлігінің, коммуналдық қызметтердің және өзге де құрылымдардың қажеттіліктері үшін жеткізіледі. 2026–2028 жылдар аралығында қызметкерлер санын кезең-кезеңімен 200 адамға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Премьер-министрге өндірістік циклдің негізгі аймақтары таныстырылды. Қазіргі уақытта шығарылатын өнім түрлерін кеңейтуге және локализациялау деңгейін арттыруға бағытталған өндірістік желілерді дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Олжас Бектенов отандық машина жасау саласын индустрияландырудың және еңбек өнімділігі жоғары жұмыс орындарын құрудың негізгі драйверлерінің бірі ретінде дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Өңдеу өнеркәсібінің өсуі экономиканы әртараптандыруға және отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей әсер етеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап өткендей, біз ел ішінде көбірек өнім өндіруіміз керек, нақты секторды нығайтып, тұрақты жұмыс орындарын құру қажет.
Үкімет өз тарапынан өндіріс пен локализациялауды қамтамасыз ететін кәсіпорындарға инфрақұрылым, кадрларды даярлау және нақты тапсырыс тетіктері арқылы қолдау көрсетеді. Нәтиже неғұрлым көбірек өнім шығаруға, көбірек жұмыс орнын құруға және жоғары сапаға негізделуі керек, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-Министр сондай-ақ Astana Smart City жобасын іске асыру аясында құрылған Деректерді өңдеу орталығына барды. Бұл – Қазақстандағы қалалық инфрақұрылым қажеттіліктеріне арнайы салынған алғашқы дата-орталық, ол халықаралық Presight компаниясы мен қала әкімдігінің серіктестігі негізінде ашылып отыр.
Presight компаниясының өкілдері ДӨО негізінде қалалық ахуалдық орталықтың, бейнеталдау жүйелерінің, жасанды интеллект платформаларының және қалалық ортаны басқару жөніндегі цифрлық қызметтердің жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. Дата-орталық халықаралық тұрақтылық және ақпараттық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетіні атап өтілді. Нысанның инфрақұрылымы жоғары сенімділік деңгейін және аса маңызды цифрлық жүйелерді қорғауды қамтамасыз етеді, бұл – Astana Smart City жобасын дамыту мен қалалық ортаны одан әрі цифрландырудың маңызды элементі.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Премьер-министр өнеркәсіптік базаны дамытуға және цифрлық инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруды тапсырды. Тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру үшін индустриялық және технологиялық шешімдерді интеграциялау қажеттілігі атап өтілді.