Павлодарда екі үйден екі бірдей адамнның шіріп кеткен мәйіті табылды

Павлодарда екі үйден екі бірдей адамның шіріп кеткен мәйіті табылды. Сұмдық оқиға Майқайың кентінде болған. Бір мүрденің бұл үйде жатқанына 2 жылдан асқан. Ал екіншісіне шамамен 5-6 ай болғанға ұқсайды. Ал ең сұмдығы осы үйде мәйіттермен бірге 2 адам тұрыпты. Оның бірі- 6 жастағы  бала. Екіншісі- баланың әжесі. Жаға ұстатқан сұмдық жайттың жай жапсарын тілшіміз айтады. 

Көпшілікті елең еткізген сұмдық оқиға Майқайың кентіндегі жеке меншік үйлердің бірінде болған. 36 жастағы келіншек қатерлік ісіктен көз жұмыпты. Алайда, марқұмның өлімін шешесі ешкімге хабарламаған. Мәйітті 2 жыл үйде ұстаған. Ал  қызынан кейін  күйеуі де жан тапсырған. Оны да  ешкімге хабарламастан, мәйітін үйде сақтапты. 

ЖАННА БІЛӘЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын объективті түрде анықтауғаи бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Ең сорақысы 2 жыл мәйіт сақталған үйде әжесі мен бірге 6 жасар қыз тұрған.  Тіпті, мәйітті сылап, сипап май жағыпты. Ал қожайын үйге ешкімді кіргізбеген. Кішкентай қыз не балабақшаға, не мектепке де бармапты.

СӘУЛЕ ШӘКЕНОВА, БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ ӨҢІРЛІК УӘКІЛ:

Қазіргі уақытта бала Майқайыңдағы ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер қыз баланың денсаулығының жақсы екенін айтады. Дамуында ешқандай ауытқушылық жоқ. Әзірше 3 күн осы ауруханада болады. Кейін баланы орналастыру бойынша шешім қабылданады.

Баланың заңды өкілдерінің болмауына байланысты 6 жасар қыз Екібастұздағы «Үміт» орталығына жіберілмек. Ал мәйіттерді үйде сақтаған  егде жастағы тұрғын тергеуден кейін үйіне босатылған. Оның  қылмысқа қатысының бар -жоғы анықталып жатыр.