Елде көліктердің күнде қозғалуына шектеу енгізілуі мүмкін

Енді өз көлігіңізді қалаған күні айдай алмауыңыз мүмкін. Бірнеше өңірде көлік қозғалысы шектеледі. Министрлік жүргізушілерге қатысты жаңа ереже енгізуді ұсынып отыр. Бұдан былай темір тұлпар номеріңіз жұп санмен аяқталса, тек жұп күндері, ал тақ сан болса тек тақ күндері жүресіз. Қазір әкімдерге тәжірибені зерттеуге тапсырма берілді. Жүйе қашаннан бастап күшіне енеді? Пайдасы мен зиянын әріптесім Аружан Задабек зерттеп көрді.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Соңғы жылдары елдегі ауа сапасы көңіл көншітпейді. Мәселенің ушыққаны сонша жауапты министрлік көліктерге қатысты жаңа ереже бекітуге бекініп отыр. Енді көлік қозғалысы темір тұлпар номеріне қарай шектеледі. Түсіндірейін. Күнтізбедегі 1, 3, 5, 7, 9 секілді тақ күндері нөмірінің соңғы саны тақ машиналар жүреді. Ал, 2, 4, 6, 8 болса жұп номерлі автомобильдер қатынайды. Мәселен, мына көліктің соңғы саны – 7, ал мұнда – 8. Екеуі бір күнде қалада жүре алмайды. Жұп не тақ болуына байланысты кезек-кезек айдауы тиіс.

Бұл ереже барлық қалаға қатысты емес. Тек ауа сапасы төмен өңірлерді қамтиды.

Қазір елде 11 аймақ қатты ластанған. Олардың қатарында Алматы, Өскемен, Қарағанды, Теміртау және Ақтөбе облысы бар.

АРУЖАН МҰРАТОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

2025 жылы атмосфералық ауаның сапасына жүргізілген бақылаулардың қорытындысы бойынша 70 елді мекеннің ішінде 32 елді мекен атмосфералық ауаның төмен ластану деңгейіне жатқызылды, 27 елді мекен – ластанудың жоғарылаған деңгейіне, 11 елді мекен – жоғары және өте жоғары ластану деңгейіне жатқызылды.

Мәселе күрделенгеннен кейін жауаптылар әлемдік тәжірибені зерттей бастады. Сол үшін Қытайға барып, ауа сапасын жақсартатын кешенді тәсіл енгізе білген Бейжіңді зерделеуге кірісті. Сөйтіп, сол жақта қолданылатын «жұп — тақ күн» қағидаты бойынша автомобиль қозғалысын шектеу туралы ұсыныс білдірген. Бұл міндет қазір әкімдерге жүктелді. Егер қолдау тапса, бір көлік тек күн ара қатынай алады.

ЕРБОЛАТ ҚОЖЫКОВ, ҚР ЭТРМ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жақында ғана министрлік облыстар мен Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерімен кеңес өткізді. ҚР Экологиялық Кодексінің 206-бабына сәйкес мәслихаттар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша өз аумақтары шегінде атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі арнайы экологиялық талаптарды бекітуге тиіс.

Мұндай тәсіл әлемнің біраз елінде қолданылады.

Алдымен министрлік зерттеген Бейжің қаласына тоқталайық. 2008 жылғы Олимпиада алдында енгізіп, қысқа мерзімде көлік эмиссиясын айтарлықтай азайтты. Ауа сапасы жақсарды. Қоғамдық көлікке сұраныс артты. Бірақ нәтиже көпке ұзамады. Тұрғындар екінші көлік алу мүмкіндігін пайдаланды. Ал Парижде ластану деңгейі жоғары кезде ғана уақытша енгізілген. Сондықтан жақсы көрсеткіш болды деп айту қиын. Бұл жобаны қолға алған тағы бір қала - Нью-Дели. Алғашқыда көлік 10-20 процент азайды. Автобусқа сұраныс артты. Бірақ мұнда да екінші көлік алатындар жиілеген.

Ал бұл мәселені одан сайын күрделендіріп жіберді. Сондықтан автосарапшылар «жұп — тақ күн» қағидаты Қазақстанға мүлде сәйкес келмейтінін айтып отыр.

ЕРІК НАДЫРОВ, АВТОСАРАПШЫ:

Біздің салыстырып отырған экология Бейжің, Қытай мемлекеті немесе Франция 68 млн тұрғыны бар, олармен зерттеп жатқаны дұрыс емес деп санаймын. Бізде 2-ақ миллион халық бар. Басқа да жоспарлар бар. Автокөліктерге тыйым салуға болмайды. Ол жеке мүлкіміз. Өзіміздің жек мүлкімізді қалай пайдаланатынымызды өзіміз шешуіміз керек. Соған қарата экология министрлігі қате деп ойлаймын.

Қазір елде 6 миллионнан астам автокөлік бар. Бұл статистика жылдан-жылға артып жатыр. Сондықтан мұндай жүйе қала орталарында ауа сапасын жақсартуға әсер етуі әбден мүмкін. Бірақ бұл тәжірибенің де теріс тұсы бар екенін естен шығаруға болмайды. Ережені бекітер алдында алдымен қоғамдық көлікті дамытып, инфрақұрылымды күшейту керек дейді сарапшылар. Әйтпесе артық қыламын деп тыртық қылуымыз ғажап емес. Көліксіз қимылдауы қиын тұрғындар үсті-үстіне тұлпар мініп, автомобиль нөпірі одан сайын артпауына кепіл жоқ.