Жамбылда айналасын таза ұстамаған 25 ауыл әкіміне айыппұл салынды. Бұл «Таза Қазақстан» акциясы аясында экология департаменті жүргізген рейд барысында анықталған. Акция басталғалы аймақта бей-берекет қоқыс тастау бойынша Мойынқұм ауданы алда. Осы ауданның өзінен 10 ауылдық округ әкімі айыппұл арқалады. Зерделеу кезінде шенділер анықталған қоқыс орындарын тазартуға еш асықпаған. Мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі жайлы жастармен өткен жиында айтылды. Өңірде былтыр 300 заңсыз қоқыс алаңы анықталған.
АҚЕРКЕ ҚЫРҒЫЗБАЕВА, ОБЛЫС БОЙЫНША ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Облыс аумағында 109,4 мың адам іс-шараға қатысты. Оның ішінде 56 тарихи-мәдени ескерткіштер, 105 мың шаршы метр тұрғын үй аулалары, 31 мың шақырым көше жолдары, 858 шақырым арық жүйелері мен каналдар тазартылды. Жалпы облыс аумағында осы уақытқа дейін 12,1 мың тонна күл, қоқыс шығару жұмысы жүргізілді.