Қаңтарда коммуналдық қызметтер үшін төлем неге көбейді?

  • AstanaTV
  • 16 ақпан 2026

Қазақстандықтар қаңтар айына коммуналдық төлем шамадан тыс өскеніне шағымданып жатыр. Көпшілігі есеп айырысу құжаттарында көрсетілген сома өткен айлармен салыстырғанда екі есе артқанын айтады. Әсіресе жылу ақысы айтарлықтай ұлғайған. Ал бұған жауаптылар не дейді? Аяулым Изатқызы анықтап көрді.

Ғалымбек Оспановтың  отбасы 60 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерде тұрады. Оның айтуынша, қаңтар айындағы коммуналдық төлем айтарлықтай қымбаттаған. 

ҒАЛЫМБЕК ОСПАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бізге алдында 20-дан ары еді. 20-ға жетпейтін. Қазір 30-дан ары боп кетті. Сәл қалтаға қиындау боп тұр да уже. 

Әлеуметтік желіде де жұрт осыны айтып шулап жатыр. Коммуналдық төлемнің күрт өскеніне наразылық білдіруде.  Тұрғындар әсіресе жылу ақысының қымбаттағанын айтады.

Астана 3 бөлме, 69.7 кв метрге 42 мың теңге, за отопление 16 мың келіп тұр. осы уақытқа дейін 30 мың төлейтінбіз аяз болғанда, ал басқа уақттарда 25-27 мың келетін түсінбей отырмыз

60 мың төлеп жүрген болатынмын, осы ай 70 мың болып келіп тұр ғой.

Мәселенің мән-жайын білу үшін біз мүлік иелері бірлестіктеріне де хабарластық. Өйткені тұрғындарға келетін түбіртектерді қалыптастыру процесіне дәл осы бірлестіктер тікелей қатысады. Алайда олар да өсімнің нақты себебін білмейтінін айтты.

АЙДЫН КӘРІБАЕВ, МҮЛІК ИЕЛЕРІ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бірі Астана-Теплотранзит өткен жылдың есебін 20 желтоқсанда жауып тастағанын, сондықтан қалған он күннің төлемі қаңтар айына қосылып есептелгенін айтты. Ал екіншісі төлемнің өсуін ауа температурасының алдыңғы аймен салыстырғанда 6 градусқа төмендеуімен байланыстырды.  Алайда осы айтылған себептердің ешқайсысы төлемнің бірден екі есеге дейін қымбаттауын толық түсіндіре алмайды деп ойлаймын.

Ал құзырлы орган шоттағы өсім тарифтің қымбаттауынан емес дейді. Тексеру жүргізілген. Нәтижесінде  ол жылу энергиясын тұтынудың артуымен байланысты екені анықталған.

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ КОМИТЕТІ:

Тұтыну көлемі тікелей сыртқы ауа температурасына және жылумен жабдықтау режиміне тәуелді. Ауа температурасы неғұрлым төмен болған сайын, жылу энергиясын тұтыну көлемі соғұрлым артады. Мысалы, өткен жылдың желтоқсан айында Астана қаласы бойынша орташа айлық температура -8 °C болса, ағымдағы жылдың қаңтар айында -14,3 °C құрады. Бұл жылу энергиясын тұтынудың артуына және соның нәтижесінде төлем құжаттарында сомалардың өзгеруіне әсер етті.

Сонымен қатар, төлем түбіртектері тек реттелетін коммуналдық қызметтерді  емес, өзге де қызметтерді қамтиды. Онда телекоммуникациялық қызметтер, жеделсаты қызметі, ортақ мүлікті басқару және күтіп ұстау бар. Осыған байланысты түбіртектегі жалпы соманың ұлғаюы аталған қосымша қызметтер бойынша есептеулердің өзгеруімен де байланысты болуы мүмкін.