Елде авиакеросиннің тапшылығын жою мәселесі қашан толық шешіледі?

Фото: momotuning.ru

Елде отынның сапасы да К4-тен К5 класына дейін көтеріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлім етті.

- Мұнай өңдеу өнеркәсібін дамыту тұжырымдамасына сәйкес, еліміздің негізгі мұнай өңдеу зауыттарында қуаттылықтарды кеңейту және өңдеу мерзімін 1-ден 3 жылға дейін ұлғайту жобалары арқылы ҚазМұнайГаз компаниясы мұнай өңдеуді жылына 18,4-тен 27,7 млн тоннаға дейін ұлғайту бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту жобалары автокөлік бензинінің болжамды өндірісін жылына 5,6-дан 9 млн тоннаға дейін, авиакеросинді 0,7-ден 1,7 млн тоннаға дейін, дизель отынын 6,2-ден 9,5 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді, - деді Қайырхан Тұтқышбаев.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында 2026 – 2033 жылдарға қуаттылығы жылына 10 млн тонна болатын жаңа мұнай өңдеу зауытының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу, жобалау, салу және іске қосу жоспарланған. Бұл еліміздің мұнай өңдеу қуатын жылына 40 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

- Бүгінде Министрлік жобаның үйлестірушісі ретінде жаңа мұнай өңдеу зауытына шикізат көздері мен өнім желісі бойынша бастапқы деректерді сұраныс болжамдары мен жанар-жағармай өткізудің әлеуетті нарықтарына байланысты дайындауды бастады. Болашақта бұл зауыттың конфигурациясын, технология лицензиарын және жаңа мұнай өңдеу зауытының орналасу жерін таңдауға мүмкіндік береді. Кешенді жұмыс уақытты қажет етеді, сәйкесінше зерттеу нәтижелері қосымша бірнеше ай аралығында ұсынылатын болады. Кеңейту жобаларын іске асыру және жаңа мұнай өңдеу зауытын салу ішкі нарықтағы мұнай өнімдерінің тапшылығын кезең-кезеңімен қысқартуға мүмкіндік береді, - деді вице-министр.

Оның айтуынша, 2028 – 2030 жылдары 3 мұнай өңдеу зауытының көмегімен авиакеросиннің тапшылығы жылына 500-ден 300 мың тоннаға дейін қысқарады және дизель отынының тапшылығы жойылады.

- 2033 жылы төртінші мұнай өңдеу зауыты есебімен авиакеросиннің тапшылығын жою және көршілес елдерге дизель отыны мен бензинді экспорттау жоспарланған. Қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өңдеу тереңдігі 89%-дан 94%-ға артады, ал жаңа зауытта 95%-ды құрайды, отынның сапасы да К4-тен К5 класына дейін көтеріледі, - деп нақтылады ол.