Алаяқтар қазақстандықтардың банк карталарын бұғаттап жатыр

Фото: pixabay.com

Қазақстан Ұлттық банкі азаматтарды банк карталарын заңсыз бұғаттауға байланысты телефон арқылы жасалатын алаяқтық жағдайларының жиілеп кеткені жөнінде ескертті.

Мәліметке сәйкес, алаяқтар қазақстандықтардың жеке деректерін ашық дереккөздерден – фишингтік сайттардан, онлайн сауалнамалардан, әлеуметтік желілер мен маркетплейстерден алады.

"Картаны бұғаттау" схемасы қалай жұмыс істейді

Алаяқтар банк байланыс орталығына клиенттің атынан хабарласып, «картамды жоғалттым» деп мәлімдейді. Соның нәтижесінде карта жедел түрде бұғатталады.

Осыдан кейін олар жәбірленушіге қоңырау шалып, өздерін банк қауіпсіздік қызметінің немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырады.

  • "картаны қайта ашу",
  • "ақшаны қауіпсіз шотқа аудару",
  • "күдікті операциялардың алдын алу" деген сылтаумен олар құпия деректерді алуға тырысады:
  • SMS арқылы келетін растау кодтары;
  • интернет-банкинг паролі; CVV/CVC-кодтар;

мобильді қосымшаға қолжетімділік.

Банк картасы бұғатталса, не істеу керек?

Карта күтпеген жерден бұғатталған жағдайда:

  • дереу картаның артқы жағында немесе мобильді қосымшада көрсетілген банкінің ресми колл-орталығына хабарласу;
  • құпиясөздерді, SMS-кодтарды және карта деректерін ешкімге бермеу;
  • үшінші тұлғалардың өтінішімен қашықтан қолжетімділік беретін қосымшаларды орнатпау ұсынылады.
  • Ұлттық банкте атап өткендей, қаржы ұйымдарының қызметкерлері ешқашан құпия кодтарды сұрамайды және «қауіпсіз шотқа» ақша аударуды ұсынбайды.

Сондай-ақ банкомат маңында кездесетін жаңа алаяқтық тәсіл де айтылды. Қаскөйлер құрылғы жанында тұрып, картаның «бұғатталғанын», «бүлінгенін» немесе лимиттен асып кеткенін айтып, үшінші тұлғаларға ақша аударуға көмектесуді сұрайды, сыйақы уәде етеді.

Қаржы нарығын реттеуші ескертеді: мұндай әрекеттер дропперлік ретінде бағаланып, қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Ұлттық банк қызметкерлері не істемейді

Қазақстан Ұлттық банкінде реттеуші қызметкерлері:

  • азаматтарға аудио немесе бейнеқоңырау шалмайтынын;
  • жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін;
  • пайлық инвестициялық қорларға немесе басқа қаржы өнімдеріне инвестиция ұсынбайтынын;
  • ақшаны сақтандырумен айналыспайтынын;
  • халықпен есеп айырысу жүргізбейтінін еске салды.

Егер сіз алаяқтық әрекеттерге тап болсаңыз, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына арыз жазу қажет.

Кеңес алу үшін Ұлттық банктің байланыс орталығына 1477 қысқа нөмірі арқылы хабарласуға болады.