2025 жылы буллинг бойынша 434 құқық бұзушылық тіркелсе, биылғы қаңтар айының өзінде 48 жағдай есепке алынған. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма басшысы Әсет Оспанов мәлімдеді.
Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында айтылғандай, балалар арасындағы әлімжеттік пен зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы маңызды рөл атқарады. Аталған құжат балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған кешенді шараларды біріктіреді.
Тұжырымдама аясында мектептерде буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, психологиялық қызметтердің жұмысын күшейту, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүйелеу, құқықтық сауаттылықты арттыру көзделген.
Спикердің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар тек құқық қорғау органдарының ғана емес, білім беру ұйымдары, ата-аналар және қоғам өкілдерінің бірлескен әрекетін талап етеді.