Дайын құжаттарды ХҚО-дан өзіңізге ыңғайлы уақытта алу үшін постамат қызметін пайдалануға болады, деп хабарлайды Азаматтарға арналған үкімет.
Бұл сервис тәулік бойы жұмыс істейді және демалыс пен мереке күндері де қолжетімді.
- Постаматтар жаңартылған ХҚКО ғимараттарында, тәулік бойы ашық аймақтарда орналасқан. Құжат дайын болған кезде азамат оны маманға жүгінбей-ақ, постаматтағы жеке ұяшықтан өзі алып кете алады. Қызметті рәсімдеу кезінде ХҚКО-да өтініш бергенде дайын құжатты алу тәсілі ретінде постаматты таңдау қажет. Құжат постаматқа орналастырылғаннан кейін азаматтың телефон нөміріне SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарламада ұяшықты ашуға арналған жеке код көрсетіледі. Сонымен қатар биометриялық сәйкестендіруден өту қарастырылған, - деп жазылған ақпаратта.
Дайын құжатты үш күн ішінде алып кетуге болады. Егер осы мерзімде алынбаса, құжат ХҚКО маманы арқылы әдеттегі тәртіппен беріледі.
Қазіргі таңда постаматтар еліміздің 10 өңірінде орнатылған. Жалпы саны 14 құрылғы жұмыс істейді. Олар арқылы мемлекеттік қызметтердің 19 түрі бойынша дайын нәтижелерді алуға болады. 2026 жылы бұл қызметтің құны 518 теңгені құрайды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша постамат қызметін ең көп пайдаланған қалалар – Семей, Тараз және Түркістан.