Кез келген адам косметологиялық орталық аша алмайды

  • AstanaTV
  • 17 ақпан 2026

Пластикалық хирургияға қатысты былтыр тұрғындардан 49 шағым түскен. Соның негізінде 17 сән орталығына тексеру жүргізілді. Нәтижесінде біраз былықтың беті ашылды. Лицензиясыз немесе маман сертификатынсыз медициналық қызмет көрсету, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы заңнама талаптарын өрескел бұзу фактілері тіркелді. Енді сән салондарына талап күшейеді. Кез келген адам косметологиялық орталық аша алмайды. 

Анель Ертаева- біліктілігі жоқ косметологтан жапа шеккендердің бірі. Ол әлеуметтік желідегі «тартымды» жарнамаға алданған. Жеңілдікпен бет терісін тазартамын деп өкініп қалды.

АНЕЛЬ ЕРТАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Процедура аяқталғаннан кейін бетім қызарып тұрды. Мастер айтты 2-3 күннен кейін кетеді, қалыпты жағдай деп. Ал менде ол ұзаққа созылып кетті. 1-2 апта тіпті қазірде қызырып тұрады бетім. Мастерден медициналық білімін, лицензиясын сұрасам, ондай жоқ екен. Сөзден қашып бастады. Ол кісі тек қана косметологиялық курс оқыған.

Лицензиясы жоқ косметологтар халықты арзан бағамен қызықтырады. Білікті , арнайы білімі бар мамандардың өзі қазір  дипломсыз «пысықайлардың» көбейіп кеткеніне алаңдаулы.

САЛТАНАТ ӘЛІБЕКОВА, ДӘРІГЕР-ДЕРМОТОЛОГ:

Қазіргі таңда нарықта "қара нарық" деп айтсақ болады. Косметологтар өте көп. Жай ғана курс оқып қоя салатын, медициналық білімі мүлдем жоқ. Солардан кейін асқынулар да өте көп кездесіп жатады. Себебі, олар анатомияны, физиологияны білмейді.

Заң бойынша, инъекциялық немесе аппараттық қызмет көрсететін орталықтың лицензиясы болуы шарт. Егер шағым түссе,  құзырлы органдар тексеру жүргізеді.

АЙГҮЛ ЫСҚАҚОВА, ҚР ДСМ МФБК МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Сертификаты болмаса 30 күнге дейін, ал лицензиясы болмаса 90 күнге дейін жасап жатқан жұмысынан шектеу жүргізіледі. Сол кабинетті жабу нұсқасы беріледі. Сол уақыт ішінде маманымыз, косметологымыз өзінің құжаттарын реттіп, оқуын оқып заңнамаларға сәйкес барлық құжатын реттеуі қажет. Егерде 90 күннен кейін осы құжаттары реттелмеген болса, сот түрінде сотқа шағымдану шарасы қолданылады.

Мамандар тұрғындарды косметологиялық қызмет алар алдында орталықтың лицензиясы мен маманның медициналық біліміне көз жеткізуге кеңес береді. Себебі заңсыз жасалған процедураның салдары денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін.