Абай облысында жаңа Конституция жобасын ашық және жалпыхалықтық талқылауды қамтамасыз ету мақсатында бес жетекші саяси партияның бастамасымен және қоғам өкілдерінің қолдауымен Коалицияның өңірлік филиалы жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы referendum2026.Kz жазды.
Бүгін өңірлік коалиция жетекшісі, облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының өңірлік филиалының мүшелері ардагерлер ұйымдарының өкілдерімен кездесу өткізді.
Жиын барысында жалпыұлттық референдум аясындағы конституциялық реформаның маңызы жан-жақты талқыланды. Қатысушылар жаңа Конституция жобасына қатысты пікірілерімен бөлісті.
Өз сөзінде Шалқар Байбеков жаңа Конституция жобасы ел дамуының жаңа кезеңіне бастайтын маңызды қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл құжат саяси жүйені жаңғыртып, билік тармақтарының теңгерімді және тиімді жұмысын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтады.
Жиында бірқатар қоғам қайраткерлері мен ардагерлер сөз сөйледі. Алғашқылардың бірі болып сөз алған қоғам қайраткерлері Дариға Абайқазы конституциялық реформалардың әлеуметтік салаға оң серпін беретінін атап өтті. Сонымен қатар, коалиция мүшесі Мұрат Алин сөз еркіндігі мен ақпарат тарату еркіндігінің адамдарға және қоғамға зиян келтірмеуі керек екенін ерекше атап өтті.
«Конституция жобасының 23-бабы бойынша сөз еркіндігі және ақпарат тарату еркіндігі басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге, қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс» - деді Мұрат Алин.
Жиын соңында аға буын өкілдері ел болашағына қатысты маңызды бастамаларға әрдайым қолдау білдіретіндерін айтып, коалиция мүшелеріне кешенді әрі мазмұнды ақпарат үшін алғыс айтты.