Жамбыл облысында 100 келіден астам марихуана тәркіленді

Фото: Polisia.kz

Жамбыл облысы аумағында жүргізілген ұзақ мерзімді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында каннабис тобына жататын есірткі заттарын аса ірі көлемде өткізумен айналысқан төрт тұрғыннан құралған қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.

Күдіктілердің тұрғылықты мекенжайларында жүргізілген тінту нәтижесінде 100 келіден астам кептірілген марихуана, 2 келіден астам гашиш және каннабис шайыры тәркіленді.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл баптың санкциясы 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Қазіргі уақытта ұсталған тұлғаларға қатысты есірткі заттарын өткізу бойынша қосымша 7 факт анықталып жатыр. Сондай-ақ есірткі жеткізу арналарының өзге өңірлерге бағытталған жолдары белгіленуде. 

Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.