“102” арнасына ер адамға шұғыл көмек қажет екені туралы хабарлама түсті.
Оқиға орнына дереу патрульдік полиция полкінің қызметкерлері – Кенжебек Әлібаев пен Олжас Бортай жетті. Анықталғандай, 59 жастағы ер адам өзен үстіндегі шатыр ішінде балық аулау кезінде екі қолын екі бөлек ойыққа тығып, өздігінен шыға алмай қалған. Оқиға орнына барған полицейлер жағдайды мұқият бағалап, зардап шегушіге екі жағынан жақындап, ойықтарға қысылып қалған қолдарын босатты. Кейін ер адамды мұз үстінен қауіпсіз жерге шығарып алды.
Құтқару сәтінен кейін қызметкерлер алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қан айналымын қалпына келтіру үшін қол-аяғына жылыту массажын жасады. Сондай-ақ қажетті көмекті ұйымдастырып, медицина қызметкерлері келгенге дейін оның жағдайын бақылауда ұстады.