Қар көшкіні жүруі мүмкін

фото: pixabay

ТЖМ «Қазселденқорғау» мекемесі қар көшкіні  қаупі бар аумақтарға тұрақты мониторинг жасалады, 255 жерүсті тексеру жүргізілді. Қар көшкіні жүруі мүмкін аймақтарда 110 ескерту белгісі орнатылды. Бақылаулар мен тексерулер нәтижесінде таулы өңірлерде қар жамылғысының қарқынды жиналуы жалғасып жатқаны және қар көшкінінің өздігінен жүру қаупі сақталып отырғаны анықталды.

2025-2026 жылдардағы көшкін қаупі бар кезең басталғалы бері (2025 жылғы қараша)  Алматы қаласы мен Жамбыл облысында жалпы көлемі 55 260 м³ қар массасын құрайтын 23 өздігінен қар көшкіні тіркелді.

Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласында, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында жалпы көлемі 24 376 м³ қар массасын құрайтын 32 профилактикалық қар көшкінін түсіру жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі уақытта Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарының таулы аймақтарында қар жамылғысының биіктігі негізінен қалыпты деңгейден жоғары. «Қазгидромет» болжамына сәйкес 2026 жылғы 19–20 ақпанда оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлердің тауларында жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі.

Шығыс Қазақстан облысының тауларында қар жамылғысының биіктігі орта есеппен қалыпты деңгейде. 19 ақпанда күннің жылынуы аясында жауын-шашын, кей жерлерде қалың қар және боран күтіледі. 20 ақпанда ауа температурасының күрт төмендеуі болжанып отыр.

Еліміздің осы өңірлерінде күннің жылынуы, қар жаууы, жауын-шашын, боран және ауа температурасының ауытқулары таулардағы қар жамылғысының тұрақсыздығына себеп болады, ал алдағы күндері қар көшкіні өздігінен жүру ықтималдығы жоғары.

ТЖМ көшкін туралы ескерту жарияланған кезеңде таулы аймақтарға бармауға, тауға шығу алдында ауа райы болжамымен танысуға және алдын ала маршрутты жоспарлауға, дайындалмаған жерлерде қозғалыс жасамауға, белгіленген жолдарды ұстануға, қар көшкіні қауіпті учаскелер туралы соңғы ақпаратты алу мен қауіпті беткейлерден аулақ болуға кеңес береді. 

Көп қар жауған жағдайда тауға шығуды қар қалыңдығы тұрақталғанға дейін 2–3 күнге шегеру ұсынылады.