«Он күн сайын тексереміз»: үкімет су қоймаларын босатып жатыр

Күн күрт жылынса, елдегі 7 облысқа тасқын қаупі төнеді. Сондықтан салалық министрлік елдегі ірі су қоймаларын босатып жатыр. Қар суын құятын 14 млрд текше метр кеңістік дайын тұр. Мамандар бұл арнаны 97 процентке дейін толтыратын су келеді деп болжап отыр.  Яғни, қателікке берілген мүмкіндік небәрі 3-ақ пайыз. Қауіп аймағы саналатын солтүстіктегі су қоймаларының 70, орталық өңірлерде 68 проценті суға толы. Бұл көрсеткіш батыста 48, шығыста 86 процентке жеткен.  Ал су ресурстары  және ирригация вице-министрі тасқынға қарсы жоспарымыз белсенді деп бекініп отыр.

НҰРЛАН АЛДАМЖАРОВ, СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Арнайы техника мен инертті материалдар әзірленіп, шекаралас елдермен деректер алмасу жолға қойылды. Әр 10 күн сайын су қоймаларының оңтайлы жұмыс режимі есептеледі. Қабылданған шаралар су шаруашылығы нысандарының тасқын суды қабылдауға және қауіпсіз өткізуге дайындығын қамтамасыз етеді.

Қауіпсіздік үшін көршілес елдермен де байланыс орнатылған. Ресей тарапы Ирикла су қоймасынан секундына 200 текше метрден аспайтын су жіберуге келісті. Ал Қытаймен ақпарат алмасудың жедел жүйесі іске қосылған.  Ел ішінде 39 гидротехникалық нысан жөнделді. Алдағы 3 жылда өзен арналарын тазарту жұмыстары жүйелі түрде жалғасады. Биылдың өзінде 6 облыста 192 шақырымнан астам өзен учаскесі санациядан өтеді.