Астанада тазалықшы кейпіне еніп, қайыр тілейтіндер көбейді

  • AstanaTV
  • 18 ақпан 2026

Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен суреттер жұрттың жағасын ұстатты. Онда қала тазалығына жауапты мекеменің киімін киіп, тұрғындардан ақша сұрап жүргендердің әрекеті таспаланған. Желі қолданушыларының бірі бұл жағдайға ашуланса, енді бірі "нағыз жұмысшыларды қалай ажыратамыз?" деп алаңдаулы. Бұл расымен де мұқтаждық па, әлде алаяқтардың ақша сұрауға деген кезекті қойылымы ма? Әріптесім Үсен Астана арнайы эксперимент жасап, осы мәселенің ақ-қарасын анықтап көрді.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Күрек ұстап, арнайы жұмыс киімін киген жан көргенде, көбіміз қала тазалығы үшін тер төгіп жүргендер деп қарайтынымыз анық. Тіпті, қол ұшын созып, қаржылай көмектесетіндер де бар. Алайда, елордада Қала тазалығына жауапты қызметкердің кейпіне еніп, қайыр тілеуді кәсіпке айналдырғандар пайда болды. Желіні шулатқан бұл «актерлер» кімдер және оларды нағыз жұмысшылардан қалай ажыратуға болады? Көрейік.

Біз де арнайы жилетті киіп, қолымызға күрек алдық. Мақсат -жұртты алдау емес, елордалықтардың сенгіштігін тексеру. Астананың қақаған аязында көше сыпырып жүрген жанға жаны ашитындар көп пе екен, көрейік...

ЭКСПЕРИМЕНТ:

- Сәлеметсіз бе?! Кішкене тиынмен көмектесе аласыз ба? Далада қар күреп жүр едім жетпей жатыр.

- Каспий бар ма? Қане айтшы. Не үшін сұрап жатсың?

- Қатып қалдым тәте, кішкене шәй алып жылынып алайын деп едім

- Жақсы, рақмет тәте, Алла разы болсын.

- Бауырым, қар күреп жүріп тоңып қалдым, тиын тебенмен көмектесіп жібере аласың ба? Кішкене жылынып алайын жылынып

- Жүр шәй алып берейін.

Тәжірибе көрсеткендей, елордалықтардың мейірімі шексіз. Бірі ақшасын аямаса, екіншісі ыстық шәйімен бөлісуге дайын. Алайда, халықтың осы ақкөңілдігін алаяқтар пайда тауып, қалта қампайтудың оңай жолына айналдырған.

"АСТАНА ТАЗАЛЫҚ" ЖШС БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Қаланың тазалығымен тек «Астана Тазалық» кәсіпорны айналыспайды. Біздің қаламызда тәртіпті сақтауға басқа жеке ұйымдар да үлес қосады. «Астана Тазалық» қызметкерлерінің арнайы жұмыс формасы жасыл және қара түсті болады. Көріп отырғаныңыздай, бұл адамдардың формасы басқа үлгідегі. Яғни, олар біздің кәсіпорынға қатысы жоқ.

Арнайы форма киіп ақша сұрау жай ғана қулық емес, әкімшілік құқық бұзушылық. Қайыр тілеуді кәсіп қылғандар заң алдында жазаланады.

ЖАНДОС ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:

Бұл азаматтардың іс әрекеті ҚР әкімшілік кодексінің 449 бабымен сараланады яғни бұл бап қоғамдық орындарда тиісу дейді. Яғни бұл бапқа сәйкес қоғамдық орындарда тиісуге, әкімщілік жаза қарастырылған егер бірінші рет істелген болса ескерту жасалуы мүмкін және де 5 АЕК дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Халықтың  мейірімділігін бизнеске айналдырғандарға тоқтау салу керек.  Сондықтан, көмек қолын созбас бұрын ойланыңыз: сіздің ақшаңыз шынайы мұқтаж жанға ма, әлде заңсыз "актерлердің" қалтасына кете ме?