Оралда "Таза Қазақстан" акциясы жаңа форматта ұйымдастырылды

  • AstanaTV
  • 18 ақпан 2026

Оралда "Таза Қазақстан" акциясы жаңа форматта ұйымдастырылды. Бұл жолғы акция әдеттегіден бөлек, жастар арасында квест ойыны түрінде өткізілді.

"EcoFuture: Таза Қазақстан" сайысында қаладағы 9 колледждің студенттері бағын сынады. Жарыс шарты бойынша орталық саябақтың түкпір-түкпіріне түрлі белгілер қойылады. Командаға бөлінген сайыскерлердің міндеті - осы жасырын белгілерді тез анықтап, аз уақыт ішінде дұрыс шешімін табу. Әрі берілген тапсырмаларда қоршаған ортаға қатысты экологиялық тақырыптар кеңінен қамтылыпты. Жылдамдық пен тапқырлық таразыға түскен тың форматтағы квест ойыны арқылы студенттер достығын нығайтамыз, дейді ұйымдастырушылар.

АМАНАТ БЕКТҰРСЫНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАРМЕН ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ АҚПАРАТТЫҚ ТАЛДАУ ЖӘНЕ РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ МАМАНЫ:

Бұл жердегі біздің мақсатымыз- осы студенттердің бір-бірімен достық қарым-қатынасын нығайту форматында ұйымдастырылған іс-шаралардың бірі. Ертең мысалы, жазда, күздің кезінде "Таза Қазақстан" болған кезде сонда бір-бірімен көріседі. Сосын кейбір адамдар саябаққа келген кезде сағыздарын тастайды, су ішкен сусынының қораптарын тастайды деген сияқты. Сол нәрселерді жинап қала қоймай, спорттық шараларды бірге ұйымдастырдық. Өте қызықты іс-шаралардың бірі - квест.