Балқашта бес қабатты үйдің бір бөлігі опырылып түсті

Балқашта бес қабатты үйдің бір бөлігі опырылып түсті. Құлаған бөлікте адам тұрмағанымен көршілес төрт кіреберістегі 120 отбасы қиын жағдайда қалды. Олар пәтерлерін босатуға мәжбүр. Техникалық тексеріс аяқталмайынша, үйге кіруге тыйым салынды.

ОЛЕГ ГРАБОВСКИЙ, БАЛҚАШ ҚАЛАЛЫҚ ТЖБ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Оқиға салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Аталған тұрғын үй жалпы бес кіреберістен тұрады. Опырылған бесінші бөлік бұған дейін апатты деп танылып, пайдаланудан толық шығарылған болатын. Қазіргі уақытта аумақ қоршауға алынып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Алдын ала көшірілген тұрғындардың бір бөлігі жаңа баспанамен қамтамасыз етілсе, қалғандары кезекте тұр. Мамандар демонтаж жұмыстарын аяқтаған соң, қалған 4 кіреберістің құрылыс сараптамасын жүргізеді. Егер үй қауіпсіз деп танылса, қалған отбасы өз баспанасына қайта оралады. Ал баспанасыз қалғандар үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мәселе заң жүзінде шешілмек.

РУСЛАН СЫЗДЫҚОВ, БАЛҚАШ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі таңда құлаған бөлікті тазалап, тұрғындармен сауалнама жүргізіп жатырмыз. 3 арнайы техникамен, 30-ға жуық құтқарушы жұмыс істеп жатыр. Кейін тұрғын үйді толықтай техникалық тексерістен өткіземіз. Барлығы қала әкімдігінің бақылауында.