Қызылжарда университет студенті жоғалып, 9 айдан бері іздестіріліп жатыр

Қызылжарда университет студенті жоғалып кетті, 9 айдан бері табылар емес.   Ол былтыр мамырдың төрті күні жатақханадан шығып, Есіл өзеніне қарай бет алған. Интернационал көшесі бойымен жалғыз жүріп келе жатқаны бейнекамераға түсіп қалған.  Содан із-түзсіз жоғалған. Полицейлер өзен жағасында оның сыртқы киімін тауып алған. Айналада қан іздері болған.  Сараптама бұл Анатолийдің қаны екенін растады. Алдын ала болжам бойынша 21 жастағы жігіт өзіне- өзі қол салған болуы мүмкін. Алайда, студенттің әке-шешесі мұнымен келіспейді. Айтуларынша, баланың ақыл есі дұрыс, психологиялық тұрғыда ойы тұрақты болған.

НИКОЛАЙ ФИЛИПОВ, ӘКЕСІ:

Полицейлер балам өзінің қолын кесіп, суға секірген болар дейді. Ол қанды көп жоғалтты. Мұндай жағдайда адамның басы айналып, жүре алмайды. Суицид жасағысы келсе, не үшін алдымен қолын кесіп, сосын суға секірді. Денесі неге әлі күнге су бетіне шықпады? Бұл жерде сәйкестікті байқап тұрған жоқпын. Сұрақ көп!

Полицейлер қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарының аясында оқу орнын тексерген. Студенттің дос-жарандарымен сөйлесіп, буллингтің расталмағанын айтады. Тәртіп сақшылары Анатолийдің денесі табылмайынша, тергеудің  аяқталмайтынын мәлімдеді. 

СЫРЫМ АЙМҰҚАНОВ, СҚО ПД КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ АҒА УӘКІЛІ:

Полиция Қозыбаев университетінің 4 курс студенті Анатолий Филиповты іздестіру жұмыстарын жалғастыруда. Ол 2025 жылдың 4 мамырында жатақханадан шығып кеткен. Және қазіргі уақытта қайда екені белгісіз. Төтенше жағдайлар департаментімен, Солтүстік Қазақстан университетінің мұғалімдерімен, еріктілермен бірлесе іздедік.