Елде мұғалімдер мен медицина қызметкерлері жетіспейді

Жыл басынан бері еңбек биржасында 100 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланды. Бірақ жұмыс іздеушілер саны бұдан да көп.

Көбіне сұраныс жұмысшы мамандықтарға тиесілі. 48,9 мың бос орын бар. Оның ішінде мейіргер, санитарлар мен жүргізушілерге және математика мұғалімдеріне тапшылық байқалады. Ал, сала бойынша бөлсек, білім беру, түрлі қызмет көрсету, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет бойынша жұмыс істейтін мамандарға тапшылық бар.

Өңірлер бойынша ең көп жұмыс ұсынып отырған Астана қаласы. Одан кейін Түркістан облысы тұр. Бұл облысқа 7,3 мың қызметкер қажет. Ал Қарағанды облысы 7,1 мың, Алматы 6,9 мың тірлік істеуге дайын адам іздеп жатыр.

Екі қолға бір күрек іздеп, түйіндеме қалдырғандар да аз емес. Көбі Түркістандықтар. Атырау, Маңғыстау мен Қызылорда тұрғындары да белсенді. Алматы мен Астанада жүрген жастар да ұсыныстарға дайынбыз деп өтініш қалдырған.