Алматыда жолаушылар автобустарын жүргізуші куәлігі жоқ адамдар айдаған. 34 жүргізуші қызметтен шеттетілді. Жүргізушінің кінәсінен болатын қайғылы апаттарға қарамастан, қоғамдық көліктегі жауапсыздық тыйылар емес. Жолаушылар тасымалына автобус тізгіндеуге арнайы санаты жоқ адамдардың жіберілгені анықталды. Тіпті көлік жүргізу құқығынан айырылған және денсаулығына байланысты көлік жүргізуге болмайтын азаматтар бар.
ЕРКЕБҰЛАН БАУЫРЖАН, ЖЕТІСУ АУДАНДЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БӨЛІМ ПРОКУРОРЫ:
15-тен астам автобус паркіне қатысты әкімшілік іс қозғалып, кінәлі тұлғалар заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылды. Жолаушылар көлігін басқарудан 34 жүргізуші шеттетіліп, олармен еңбек шарттары бұзылды. 4 лауазымды тұлға тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қалада 26 автопарк жұмыс істейді. Күнделікті маршрут желісінде 2 807 автобус пен 156 троллейбус қатынайды. Межелі жерге аман жетсем дейтін жолаушылар өмірінің қауіпсіздігі үшін алаңдайды.
БЛИЦ:
- Отырған кезде оны тексеріп тұратын ешкім жоқ. Сондықтан өміріміз үшін қауіпті деп ойлаймын.
- Правасы жоқ, жақында естідім телефонға қарап, адамды соғып кетті. Қатты тексеру керек сол адамдарды.
- Куәлігі жоқ адамға өмірімізді қалай сеніп тапсырамыз енді.