Былтыр жол ақысын өтеуден жалтарған астаналықтар 147 миллион теңге айыппұл төлеген. 283 мыңнан астам тәртіп бұзу дерегі анықталып, оның ішінде 22 мыңнан аса адамға әкімшілік хаттама толтырылған. Автобуста жүру ақысын төлемейтіндер кімдер, олар қалай анықталады? Әріптесім Айғаным Тұрысбек білді.
АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:
Астана қаласында 1000-нан астам автобус тұрғындарға қызмет көрсетеді. Қала аумағында 100-ден аса тұрақты маршрут ұйымдастырылған. Қоғамдық көлікті күн сайын 1 миллионнан астам жолаушы пайдаланады. Оның ішінде жол ақысын төлемейтіндер де кездеседі.
Қала бойынша 400-ге жуық тексеруші бар. Олар арнайы базалық дайындықтан өтіп, тест тапсырғаннан кейін жұмысқа алынған. Мамандардың айтуынша, бақылау шаралары жоспарлы түрде жүргізіледі. Мониторинг екі мақсатта болады. Бірі- сұр түсті арнайы киіммен жүргендер-автобус паркінің қызметкерлері- төлемді тексереді және түсіндірме жұмыстарымен айналысады. Ал қанық көк түсті киім кигендер-көлік бақылау департаментінің қызметкерлері- заңбұзушылықты анықтап, полиция шақырып, айыппұл салуға құқылы.
РАЙЫМБЕК ҚАБИБОЛЛА, КӨЛІК БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ол барлық маршрутта күнделікті көп болмайды. Күнделікті жұмыс жоспарына байланысты әр маршрутта өзгеріп отырады. Бүгін мысалыға алатын болсақ 10-шы маршрутта көп болса, ертең басқасында.
Көлік бақылау департаменті тексерістің жиілеуін жолақысын төлеуден жалтаратындардың көбейгенімен байланыстырады. Ал кейбір тұрғындар бұған наразы. Қайта-қайта төлемді көрсетуді сұрап, мазаны алады дейді. Соның салдарынан жолаушылар мен бақылаушылар арасында кикілжің де болып тұрады.
БЛИЦ:
- Жұмысы ғой. Дұрыс түсіну керек.
- Байқаймын кейде олар кіре сала ашуланып, мінезін көрсетеді.
- Жиі тексереді. Енді өз жұмыстары бар поэтому.
- Адамдармен қарым-қатынасты жүргізу керек оларды оқыту керек. Кіре сала айқай салмау керек. Өздерінің автобустары емес қой. Халықпен жұмыс істеп отыр.
Жолақы төлеуден жалтарғандарға 2 АЕК, яғни, 8650 теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал автобус пайдалану ережелерін бұзғандар 4325 теңге төлейді. Сондықтан жолақыны мінген бойда төлеу маңызды.