Алматыда медбикенің кесірінен бір жастағы сәби ажал құша жаздады

Алматыда медбикенің кесірінен бір жастағы сәби ажал құша жаздады. Жеке клиникаға екпе салдыруға келген бүлдіршінге маман он есе көп доза қолданған көрінеді. Арада бірнеше сағат өткен соң бала ауыр хәлде ауруханадан бір -ақ шығыпты.Ал, емхана басшылығы қателік үшін кешірім де сұрамаған.   

Назерке Ержан сырқаттанған сәбиін жеке емханаға апарған.  Ондағы медбике нұсқаулықта көрсетілген 0,4 миллилитр қоспаның орнына 10 есе көп доза қолданған көрінеді. Уколдан соң қыз қатты жылап, мазасызданған көрінеді. Артынша ұйықтап қалыпты. Арада үш сағаттан аса уақыт өтсе де бала оянбаған. Салдардың тым ауыр екенін түсінген ана дереу жедел жәрдем шақырып, бөбегін ауруханаға жеткізіпті. 

НАЗЕРКЕ ЕРЖАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мен оған ескерттім. Негізінде 4 мл емес, 0,4 деп жазылып тұр ғой деп. Ол кісі айтты. Ол физраствормен араласқан кезде 4 мл болады. Ал 0,4 деген ол әшейін капля ғой. Ол әсер етпей қалады физраствормен деді. Үйге келгеннен кейін екі сағат қана ұйықтайтын бала үшінші сағатқа кетіп бара жатыр. Оятсам тұрмайды. Мазасызданады жылайды. Ол жағдайда бала даже өліп кетуі де мүмкін да.

Оқиғадан соң клиника басшылығы Назеркеге хабарласқан. Алайда кешірім сұрамақ түгілі, кінәлі деп санамайтындарын айтыпты. Егер шағымыңыз болса медбикенің өзімен шешіңіз деп бастарын ала қашқан көрінеді.Жолданған ресми хатқа да нақты дәлелдейтін деректер жоқ деп жауап қайырды.

«ЭМИРМЕД CITY» ЖШС МЕДИЦИНА ОРТАЛЫҒЫ:

Дозалар көлемі жағынан басқа медициналық ұйымның емдеуші дәрігерінің жазбаша тағайындауына сәйкес келді. Процедуралар санитариялық-эпидемиологиялық талаптар мен қолданыстағы қауіпсіздік стандарттарын сақтай отырып жүргізілді. Процедураны жүргізу және аяқтау сәтінде бала қанағаттанарлық жағдайда болды, ал препарат дозасының он есе артық енгізілгені туралы ақпарат нақты деректермен расталмайды.  Қажет болған жағдайда уәкілетті органдардың ресми сұрауы бойынша барлық қажетті құжаттар мен бейнебақылау жазбалары ұсынылатын болады.

Балалар дәрігері сәбиге салынған преппарат негізінен орта жастағы балалардың дене салмағына қарай тағайындалатынын айтады. Ал кішкентай нәрестеде артық дозалану болса қауіп көп дейді.

ҚУАНДЫҚ БАҒЖАН, ПЕДИАТР:

4 миллилитріңіз ол кішкентай балаға өте көп.  Бұл жерде ең қауіптісі- мойынның тартылып қалуы. Яғни, дистомия. Көз жоғары шығып кетуі. Яғни, көздің қарашығы жоғары кетіп қалуы. Жағының бұлшық еті қатты қысылып қалуы. Бұлшық еттердің спазм болуы. Сосын бала қатты қорқуы мүмкін.

Қазір қыздың жағдайы қалыпты. Бір аптаға жуық балалар ауруханасында ем қабылдаған. Ал, ана тұла бойым тұңғышымның өмірін қатерге тіккен медбике жазалануы үшін барымды салам деп отыр. Қалалық прокуратура мен денсаулық сақтау министрлігіне арыз жазыпты.