Семей әуежайы авиаотын бағасын негізсіз көтергені үшін жауапқа тартылды

Фото: Pexels

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті «Семей халықаралық әуежайы» ЖШС-не қатысты тергеп-тексеруді аяқтады.

Тергеп-тексеру барысында кәсіпорынның бөлшек саудада авиаотынға монополиялық жоғары бағаны белгілеу және ұстап тұру арқылы үстем жағдайын теріс пайдаланғаны анықталған. Бұл Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабы 1) тармақшасында көзделген бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуға жатады.

— Аталған факт бойынша Департамент әкімшілік іс қозғады. Семей қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен ЖШС кінәлі деп танылып, 8,8 млн теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды, сондай-ақ монополистік қызмет нәтижесінде алынған 8,5 млн теңге көлеміндегі монополиялық кіріс тәркіленді, — делінген хабарламада.

Қаулыға шағым жасалғанымен, Абай облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қаулыны өзгеріссіз қалдырып, апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырды.

Қазіргі уақытта сот қаулысы заңды күшіне енді.

Сонымен қатар, Департамент бөлшек саудада авиаотынға негізделген баға белгілеу арқылы монополиялық жоғары бағаны белгілеу мен ұстап тұруды тоқтату туралы нұсқама берді. Нұсқама кәсіпорын тарапынан толық көлемде орындалды.