Енді қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар мектеп пен балабақшаға кіре алмайды

Елімізде қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар мектеп пен балабақшаға кірмейді.  Бұл туралы Қаулы шықты.  Шектеу шаралары қызылшаның одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында қабылданған. Вирус 9 өңірде өршіп тұр. Әсіресе, балалар арасында жағдай күрделі. Аймақтардағы эпидахуалды тілішлеріміз жеткізеді.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Аурушаңдық Астана мен Алматыда және 7 облыста жоғары. Елордада жыл басынан бері 973 адам қызылша жұқтырған. Басым бөлігі-5 жасқа дейінгі бала. Және оның 78 проценті екпе алмаған.

Енді Қаулыға сәйкес, егер белгілі бір мектепте немесе балабақшада қызылша дерегі тіркелсе, сол мекемеде екпе алмаған балалар уақытша оқу процесінен шеттетіледі. Сондай-ақ, карантин енгізу, инфекциялық стационарларға екпе алмаған балаларды жоспарлы түрде жатқызбау секілді бірқатар қосымша санитарлық талаптар қарастырылуда.

ЖАСҰЛАН АЛПЫСБАЕВ, ҚР ДСМ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Бұл қаулы барлық білім беру мекемелері, балабақшалар және оларды бақылайтын білім басқармалары, денсаулық сақтау басқармаларының бәріне жіберілді. Яғни, қаулы белгілі бір аурушаңдық бойынша, белгілі бір эпидемилогиялық жағдай өршігенде, болмаса оның жағдайы жоғарылап, оны ары қарай ушықтырмаған кезде қабылданатын ҚР дәрігердің қаулысын бәріне орындауға жатады.

Мамандардың айтуынша, бұл шаралар ұжымдық иммунитетті сақтау және балалар арасында аурудың жаппай таралуын болдырмау үшін қажет. Денсаулық сақтау органдары ата-аналарды балаларын қызылшаға қарсы екпемен қамтуға шақырады. Қызылшаға, қызамыққа және эпидемиялық паротитке қарсы иммундау ауқымы кеңейтілмек. 

БЕКЗАДА ӘМІРЖАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Негізі привывка алмағанбыз.  Дәрігер келген кезде сұрады привывка бар ма деп, өкінішке қарай. Ұлымда да жоқ привывка, 4 жасар. Енді больницадан шыққан соң міндетті түрде ұлыма алғызам. Алыңыздар, бәріне кеңес беремін. Басқа басқа қызылша өте ауыр өтеді екен.

Еліміздің Бас санитары өңірлік департаменттер басшылары бірқатар міндет жүктеді. Білім беру және мектепке дейінгі ұйымдарда «таңертеңгі сүзгі» жүргізіледі,  жедел респираторлық ауру немесе қызылша белгілері бар тәрбиеленушілерді, оқушыларды, педагогтер мен тәрбиешілер ғимаратқа кіргізілмейді. 

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Барлық өңірде, еңбек ұжымында ауру анықталса міндетті түрде эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіліп, шектеу шаралары қабылданады. Яғни соңғы қызылша жағдайы тіркелген сәттен бастап 21 күн бойы жұмыстар жүргізіледі. Бұл – байланыста болған адамдарды медициналық бақылау. Осы кезеңде бұрын балабақшаға немесе мектепке бармаған балаларды қабылдауға рұқсат етілмейді. Еркін, сіздерде жағдай қалай?

ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:

Иә, Назерке, Батыс Қазақстан облысында да қызылша ауруын жұқтырғандар он есе артты.  Мамандардың айтуынша, індет әлі өршуі мүмкін. Өйткені өңірде уақытылы вакцина алмаған бала көп. Енді қатерлі дертті олар да жұқтырса, сырқаттардың саны еселеп көбейеді деген болжам бар.

Мамандардың айтуынша, ғаламтордан жиған жалған ақпараттың жетегінде жүргендер вакцинаның көмегіне сенбейді. Енді бір ата-ана үшін ұстанымы кедергі.  Бірақ, екпеге көзқарасы дұрыс жандар да жетерлік.

БЛИЦ:

- Вакцина керек бізге! Деніміздің саулығы үшін, ауырмау үшін вакцина керек деп ойлаймын!

- Вакцина алу дұрыс деп санаймын дамыған заманда. Балаларымыз ауырмау үшін. Қазір көп ата-аналар шетелге шығады деген сияқты. Шетелде неше түрлі аурулар бар қазір. Сондықтан алдын ала сол вакцинаны алып тұру керек деп ойлаймын. Қарсы емеспін ешқашан да.

- Өзім вакцина алған да жоқпын. +әуелден вакцина алған жоқпын. Сонымен келе жатырмын. Вакцина алуға енді өзім қарсымын.

- Енді вакцинаны алу керексің ғой. Өзіңнің денсаулығың, өзіңнің өмірің үшін. Жаман нәрсе емес деп ойлаймын. Сондықтан алған жақсы ғой.

Қазір өңірде вакцинадан бас тартқандардың тізімі жасақталып, түсіндіру жұмыстары жеке-жеке жүргізіліп жатыр. Өйткені жыл басынан бері 120 бала осы дертті жұқтырыпты, арасында бір жасқа толмаған сәбилер де бар. Ал екі бүлдіршін ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр.

МЕЙРАМБЕК КАЖИМОВ, БҚО САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Тіркелген 63 жағдайдың 57-сі 14 жасқа дейінгі балалар арасында, ал қалған 6 жағдай ересек тұрғындар арасында анықталды. Ауырғандардың басым көпшілігі  профилактикалық екпе алмаған. Қызылша ауруының алдын алудың ең тиімді және сенімді жолы — вакцинация.

Мамандар қоғамдық орындарға барғанда сақтануды ескертеді. Егер дене қызуы көтеріліп, бөртпе шығып, жөтел күшейсе, дереу дәрігерге бару керек.

ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:

Осыдан екі жыл бұрын елімізде қызылшаның өршігені соншалық, Қазақстанның көрсеткіші Африка елдерінен кейінгі екінші орында болды. Сол жылы Оралдың өзінен 1600 адам ауырған. Дәрігерлер сол сұмдық тағы қайталана ма деп қауіптеніп отыр. Өйткені қызылша асқынса, басқа бір ауыр дертті қоздыруы мүмкін.