Ханзада Эндрю Эпштейн аралында болғаны үшін қамауға алынды

Британ тағының мұрагері, қазіргі Патшаның інісі Эндрю қамауға алынды. Ханзада Джеффри Эпштейннің аралына барып, зорлыққа қатысы бар деген ақпарат бұрыннан бар еді. Заңды тергеу енді басталды. Трамп өзге ғаламшарлықтар туралы ақпаратты жариялауға тапсырма берді. Бірақ, олардың бар екенін айтқан бұрынғы Президент Барак Обаманы құпия ақпаратты таратқан қылмыскер деп айыптады. Израиль Иранға қарсы алапат соғысқа дайындалып жатыр. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Британ тағының мұрагері, патшаның інісі Эпштейнмен бірге кәмелетке толмаған қыздарды зорлаған болуы мүмкін. Бүгін таң бозымен ағылшын полицейлері герцог үйін тінтіп, Эндрю Маунтбеттен-Виндзорды қамауға алды. Бірақ, аздаған сұрақ қойып жібере салған. Дегенмен, тергеу ары қарай жалғаса бермек. Ал, патша отбасы ханзада Эндрюдің барлық атақ-марапаттарын тартып алды. Бұл іске, тіпті, АҚШ Президенті Дональд Трамп та пікір білдірді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Британ патша отбасына жаным ашып отыр. Патша Чарльз керемет адам. Бірақ, оңбаған Эпштейнмен менің де байланысым бар деп жамырағандар көп болды. Сол секілді, бәлкім Ханзада Эндрюдің де қатысы жоқ шығар. Егер, расымен зорлыққа барса, нағыз масқара болғаны.

Трамп өзге ғаламшарлықтар туралы ақпаратты жариялауға бұйрық берді. Енді, Пентагон өзінде бар барлық мәліметті ашық айтуы қажет. Дегенмен, Трамп бұрынғы Президент Барак Обаманың жуырда берген сұхбатын қатаң сынға алды. Оның айтуынша, Обама құпия мәліметтерді жариялап, үлкен қылмыс жасады.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ол құпия қызметтердің қасықтап жинаған мәліметтерін, шелектеп төге салды. Мен осы мәселеге жуырда қызығып, біраз құжат оқыдым. Өзге ғаламшарлықтар бар болса да, адамзатпен әлі кезікпеді. Бірақ, адамдар үшін бұл тақырып әлі қызық. Сондықтан, құпия құжаттар жарияланады.

Израиль Иранға қарсы соғысқа қызу дайындықты бастап кетті. Бар болғаны Трамптың бұйрығын күтіп отырмыз, - дейді Биньямин Нетаньяху. АҚШ Ормуз бұғазына екі ұшақ тасымалдайтын кемелерді жібергені белгілі. Оның үстіне, Пентагон Парсы шығанағындағы елдердегі әскери базаларға әлемдегі ең заманауи ұшақтарды орналастырды. Осыған орай, Израиль де, өз қарулы күштеріне кез-келген сәтте ұрысты бастауға дайын болыңдар, - деп бұйырды.

БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Олар өз қарулы күштерін аз уақыт ішінде қайта құрып үлгерді. Бізді арандатпақшы. Тіпті, жойып жіберуге дейін әрекет ететініне күмән жоқ. Сондықтан, біздің келесі соққымыз Иран билігінің күлін көкке ұшыруы керек.

Инстаграм мен Ютуб адамдарды өз желілеріне тәуелді етіп қойды. Бұл үшін арнайы функцияларды іске қосқан. Марк Цукербергке осындай айып тағылды. Тіпті, Лос-Анджелес сотында үлкен процесс басталды. Бірақ, миллиардер әлі ешкімнің сұрақтарына жауап берер емес.