Кәсіпкерлер 1 наурызға дейін салық режимін таңдап, мемлекеттік кірістер комитетіне хабарлама жіберуі тиіс. Уақытылы қадам жасамағандар автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген тәртіпке ауыстырылады. Қаржы нарығында қателесіп, қапы қалмас үшін азаматтар тағы нені білу керек? Әріптесім Айсәуле Съезбек тарқатады.
Астана қаласы бойынша салық төлейтін 205 мың кәсіпкер тіркелген. Оның 170 мыңы жаңа салық кодексіне сәйкес салық режимін таңдап, мемлекеттік кірістер комитетіне арнайы хабарлама жіберіп үлгенген. Қалған 35 мың заңды тұлға 28-ші ақпанға дейін өз таңдауын жасауы тиіс. Әйтпесе салалық орган жалпыға бірдей белгіленген салық салу режиміне автоматты түрде ауыстырады. Немесе жеке кәсіпкер ретінде есептен шығарады.
ҚАНАТ НҰРЫМБЕКОВ, КӘСІПКЕР:
16 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысамын. Соңғы уақытта салық органдарының қызметі халық үшін жеңілдеп, түсінікті болып келе жатқанын байқаймын. Құжаттарды реттеуде цифрлық шешімдердің көмегі зор. Естуші мемлекет деген осындай сәтте білінеді. Жарты күн ішінде жаңа салық режимі бойынша шаруаларымды реттеп алдым.
Бизнес өкілдері арасында «бұрыннан арнаулы режимдеміз, неге қайта өтініш беруіміз керек?» деген сұрақтар әлі де баршылық. Салық режимінің атауы бұрынғыша қалғанымен, оның ішкі мазмұны мен талаптары түбегейлі өзгерді. Жаңа шарттар мен жеңілдіктерді заңды түрде пайдалану үшін халық бухгалтерлерінен тегін кеңес алуға болады.
БЕКБОЛАТ ҚУАНЫШЕВ, ДАРА КӘСІПКЕРЛЕРДІ ӘКІМШІЛЕНДІРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Қазіргі таңда Қазақстан аумағында 5 қаңтардан бастап, «халық бухгалтері» науқаны жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Әрбір дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері өтетінін салық төлеушілердің есіне саламыз. Есіл ауданы бойынша 500-ге жуық салық төлеуші келіп, өздерінің сұрақтарына жауап алған.
Мұндай хабарламаны фермерлер мен шаруалар ғана жазбайды. Олардың салық режимі автоматты түрде жаңартылады. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жеке кәсіпкер ретінде 1 наурызда есептен шығарылады. Алғашқы чек қалыптасқан күні жаңа режимге өтеді.