Қазақстанда жыл басынан бері коронавирус инфекциясының 6 жағдайы тіркелді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова хабарлады.
Оның айтуынша, 2025 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда жағдай 16,3 есе азайған.
– Қазіргі уақытта инфекция жеңіл өтуде, науқастар ауруханаға жатқызуды қажет етпейді және ем амбулаториялық жағдайда жүргізіледі. Кейінгі мониторинг нәтижесінде елімізде Омикронның үш субнұсқасы айналымда: XFG.3 – 75%, XFG.3.1 және XFG.6 – әрқайсысы 12,5%. Бұл түрлер халыққа қосымша қауіп төндірмейді, - деді комитет төрағасы.
Сархат Бейсенова тұрғындарды алдын алу шараларын сақтауға шақырды.
– Қол гигиенасын сақтау, көпшілік жерлерде қауіпсіз қашықтықты ұстану және қажет болған жағдайда маска тағу инфекцияны жұқтыру қаупін төмендетеді, - деді комитет төрағасы.
Осылайша, Қазақстанда COVID-19 жағдайлары бақылауда, эпидемиологиялық жағдай тұрақты, бірақ қарапайым сақтық шараларын сақтау әлі де маңызды.