Алматы қалалық кардиология орталығында дәрігерлер 37 жастағы жүкті әйел мен оның сәбиінің өмірін сақтап қалды. Аса күрделі симультантты операция шұғыл түрде жасалып, ана мен бала үшін жалғыз мүмкіндік болды.
Пациент жүктіліктің 30-аптасында өте ауыр жағдайда жеткізілген. Дәрігерлер оған аортаның түбірінен құрсақ бөлігіне дейін созылған ажырайтын аневризма диагнозын қойған. Бұл – санаулы минуттардың ішінде өлімге әкелуі мүмкін аса қауіпті жағдай. Ахуалды туа біткен жүрек ақауы – қосжармалы аорталық қақпақшаның критикалық стенозы одан әрі күрделендірген.