Абай облысында "Таза Қазақстан" республикалық акциясы аясында елдімекендердің тазалығын сақтау және абаттандыру қағидаларын бұзудың алдын алу бойынша профилактикалық іс-шаралар жалғасуда. Семей қаласы полиция басқармасының қызметкерлері Восточный кентінде рейдтік тексерулер жүргізіп, аумақты ластау фактілерін анықтау мақсатында ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдаланды. Әуе мониторингі барысында 38 жастағы қала тұрғынының жол жиегіндегі қоршалмаған аумаққа ірі көлемде көмір төккені белгілі болды. Аталған әрекет салдарынан іргелес аумақ ластанып, елді мекендерді абаттандыру талаптары бұзылған. Бұл тұрғындарға қолайсыздық туғызып, қалалық ортаның санитарлық жағдайына кері әсер еткен. Құқық бұзушымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, заң талаптары мен құқық бұзушылықтың салдары түсіндірілді. Абай облысы полиция департаменті азаматтарды қалалық ортаға ұқыпты қарауға және абаттандыру қағидаларын сақтауға шақырды. Ведомство өкілдерінің айтуынша, "Таза Қазақстан" акциясы аясында дрон секілді заманауи технологиялар аумақты ластау фактілерін дер кезінде анықтау және олардың алдын алу мақсатында алдағы уақытта да кеңінен қолданылатын болады.