Ақмола облысында тәртіп сақшылары заңсыз ет тасымалының жолын кесті. Екі бірдей көліктен ветеринариялық анықтамасы жоқ 10 ірі қара малының ұшасы табылды.
Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Газель» маркалы автокөлігін тексеру кезінде багаж бөлігінен тиісті құжаттары жоқ 4 ірі қара мал ұшасы анықталған. Жүргізуші ветеринариялық рұқсат қағаздарының жоқ екенін бірден мойындаған.
Дәл осы Астана бағытында тағы бір заңсыз тасымалдау фактісі тіркелген. Полицейлер тоқтатқан «Volkswagen Transporter» минивэнінің салонынан 6 ірі қара мал ұшасы табылған. Жүргізуші бұл етті Астана қаласында сатуды жоспарлағанын айтқан.
Екі жағдайда да еттің шығу тегі мен қауіпсіздігін растайтын ветеринариялық ілеспе жүкқұжаттар болмаған. Қазіргі уақытта жүргізушілер жақын маңдағы полиция бөліміне жеткізіліп, оларға қатысты заңнамалық шаралар қабылдануда.
«Көбіне азаматтар өздері сойған малдың етін құжатсыз тасымалдай береді. Бірақ ветеринариялық анықтаманың болмауы үлкен күмән тудырады. Бұл құжаттар еттің ауру малдан алынбағанына және оның ұрланбағанына кепілдік береді», — деп атап өтті облыстық ПД ППР 3-взвод командирі Бақыт Қабкеш.
Тәртіп сақшылары ет өнімдерін тасымалдау кезінде заң талаптарын қатаң сақтауды және өзіңізбен бірге барлық қажетті рұқсат қағаздарын алып жүруді сұрайды. Бұл тұтынушылардың денсаулығын сақтау және мал ұрлығының алдын алу үшін маңызды.