Түркістан әуежайына 14 млн теңге айыппұл салынды

Фото: instagram.com/hsa_airport_turkistan

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі авиаотынды бөлшек саудалаумнарығында заң бұзушылықтарды анықтады.

Ведомствоның мәліметінше, бәсекелестік жағдайына жүргізілген талдау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабы 4-тармақшасының бұзылу белгілерін көрсеткен.

«Осыған байланысты “Түркістан халықаралық әуежайы” АҚ-ға жасалатын шарттардың мәніне қатысы жоқ қосымша міндеттемелерді таңу белгілері бойынша тергеп-тексеру тағайындалды. Тергеу барысында "Түркістан халықаралық әуежайы" АҚ тиісті нарықта үстем жағдайға ие бола отырып, әуежай аумағында авиаотынды бөлшек саудада сатумен айналысатын кәсіпкерлік субъектісінен сату құқығы үшін алым алғаны анықталды. Аталған әрекеттерден департамент Кәсіпкерлік кодекстің 174-бабы 4-тармақшасында көзделген заңбұзушылықтарды анықтады», – деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.

Істі қарау қорытындысы бойынша Түркістан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ-ны әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Сот 14,3 миллион теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл тағайындады.