Қызылжарда 5 аудан әкімі жауапқа тартылды. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент шенеуніктердің бір жылдық жұмысын саралап, бірқатар олқылықтарды анықтаған. Мәселен, облыс бойынша 184 мемлекеттік қызметкер күнде әдеттегідей 8 сағат емес, одан артық жұмыс істеген. Алайда, аталған мамандарға өтемақы төленбеген екен. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік органдар өз қызметкерлерін іс-сапарға жіберіп, олардың шығынын өтемеген көрінеді. Бұдан бөлек, 10 мемлекеттік қызметшіге негізсіз сөгіс жарияланғаны белгілі болды. Сөйтіп, ауқымды тексерістің нәтижесінде 266 маманның құқықы қорғалған болатын.
ДАРХАН ЕРМЕКОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ АГЕНТТІГІ СҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент мемлекеттік органдарды үш бағытта тексерді: мамандарды жұмыс уақытынан тыс жұмсау, олардың іс сапарға арналған төлемдерін дер кезінде өтеу және сөгіс жариялаудың заңдылығын тексеру. Барлық бағытта олқылықтар анықталды. Сол үшін 5 аудан әкімі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл жолы атқамінерлерге ескерту жасалды. Егер бір жылдың шамасында мұндай ағаттықтар қайталанатын болса, олар 150 мың теңге көлемінде айыппұл арқалайды.