Трамптың күзеті 20 жастағы жігітті атып өлтірді

Трамптың жеке күзеті 20 жастағы жігітті атып өлтірді. Бозбала АҚШ Президентінің жеке үйіне басып кіріп, өртемекші болған. Трамптың өзі бұл туралы пікір білдірмеді. Есесіне, Жоғарғы Сотты қарғап-сілеп жатыр. Себебі, Трамптың тарифтерінің күшін жойған. Алайда, ашуға мінген АҚШ Президенті бүкіл әлем елдеріне қарсы 10 пайыздық салық салатынын айтты. Жаһандағы ең қауіпті наркоқылмыскердің көзі жойылды. Мексика әскері Халиско картелі басшылығын тауып өлтірді. Артынша, бірнеше қалада қарулы қақтығыстар басталды. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Трамптың күзеті, яғни, АҚШ Құпия Қызметі 20 жастағы бозбаланы атып өлтірді. Ресми мәлімет бойынша, ол Президенттің Мар-А-Лагодағы жеке үйіне баса-көктеп кірген. Артынша, тіпті, өртемек болған. Қаза болған жігіт кейін белгілі болғандай Остин Такер Мартин есімді Солтүстік Каролина штатының тумасы.

РИК БРОДШОУ, ПАЛМ БИЧ ҚАЛАСЫНЫҢ ШЕРИФЫ:

Күдікті резиденция аумағына кірген кезде, шериф көмекшісі мен құпия қызметтің екі агенті онымен бетпе-бет келді. Оның қолында жанармай құйылған құты мен мылтық болды. Күзетшілердің заңды талабын тыңдамай, күдікті мылтық кезене бастады. Сол кезде құпия қызмет агенттері оқ жаудыруға мәжбүр болды.

Бұл «сайтан алғыр» Жоғарғы Соттың қайтсем де біржақты қылуым керек. Трамп осылай деп ашуға мінді. Енді АҚШ Президенттері өзге елдерге қарсы тариф енгізе алмайды. АҚШ Жоғарғы Соты осындай шешім шығарды. Әсіресе, Трамптың енгізген салықтары бір сәтте күшін жояды. Бірақ, Президент мұнымен келіспей аппеляциялық шағым түсірді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

АҚШ Жоғарғы сотын солшыл сұмырайлар басып алған. Мен мұндай судьялар үшін ұяламын. Олар елімізді қайта көркейтетін барлық менің қолға алған шаруаларыма қарсы шығып отырады. Жоғарғы сот біздің Конституцияға қарсы. Сайтан алғыр судьялардың көзін қайтсем де құртуым керек. Әйтпесе, әлеміздің түбіне жетіп тынады.

Бірақ, Трамп өзінің тариф саясатынан шегіне қомайды. Тіпті, одан сайын өршелене түсті. Енді, әлемдегі бүкіл елдің тауарларына 10 пайыздық салық салынуы мүмкін. Енді Президент әкімшілігі оған Жоғарғы Сот кедергі келтіре алмайтындар жоспар құрып отыр.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Егер олар мені тоқтатамын десе, қателеседі. Менің басқа балама тәсілдерім бар. Мәселен, 1977 жылғы төтенше өкілеттік туралы заңға сәйкес, жаһандық 10 пайыздық салық саламын. Кімде-кім мені сотқа беремін десе, дайынмын. Біздің ресурстар үздіксіз 5 жыл соттасуға жетеді.

Әлемдегі ең қауіпті наркоқылмыскер «Эль Менчо» лақап атымен белгілі Немесио Осегера Сервантесті мексика әскері өлтірді. Халиско наркокартелінің басшысы алдымен ауыр жараланған. Бірақ, ауруханаға жетпей жан тәсілім етті. Артынша, картель Мексиканың 20 штатында қарулы қақтығыс басталды. Картель мүшелері Мексика армиясы, ішкі істер күштері мен Ұлттық Ұланына шабуыл жасай бастады.