Өмірін мәжбүрлі түрде сақтандыратындар көбейді

  • AstanaTV
  • 23 ақпан 2026

Қазақстанда өмірін сақтандыратындар соңғы 6 жылда 5 есе өскен. Яғни, жеті милионға жетті. Соған қарамастан, біз әлемдік рейтингтің соңындамыз. Жапонияда халықтың 95 пайызы өз өмірін сақтандырса, бізде бұл көрсеткіш небәрі 0,8 пайызды құрап тұр. Бұл көрсеткіштің өзіне мәжбүрлікпен жеттік. Банктер кредит берген кезде сақтандыруды міндеттеп қойған. Тұрғындар сақтандыру компанияларына неге сенбейді? Үсен Астана анықтады.

Миллиондаған отандасымыз өмірін тек несие рәсімдеу кезінде, яғни мәжбүрлі түрде сақтандырған. Ал саналы түрде келешегіне инвестиция жасағандардың үлесі әлі де бір пайызға жетпейді. Ал тұрғындар әліде бұндай сақтандырудың қажеті жоқ деп санайды.

БЛИЦ:

- Білмейм дәл қазір біздің елде ондайға қажеттілік жоқ ау

- Білем бірақ өмірде қолданбаймын өмірде, әзірге қажет емес деп ойлаймын маған

- Адам өзінің өмірін старховкаға қоя алады сол туралы білесіз бе?

- Жоқ білмеймін

Ұлттық банк дерегіне сүйенсек, соңғы 6 жылда өмірді сақтандыру нарығындағы қаржы айналымы 5 есеге өскен. Егер 2018 жылы түсімдер 27,4 миллиард теңге болса, былтыр бұл көрсеткіш 136,5 миллиардқа жетті. Дегенмен, Ranking.kz талдауы көрсеткендей, ерікті түрде келешегін қамдауда Қазақстан әлемдік көштен әлдеқайда артта. Егер Жапонияда халықтың 95 пайызы өмірін сақтандырса, Қытайда бұл көрсеткіш — 82, ал АҚШ пен Канадада — 54 пайызды құрайды. Тіпті көрші Ресейдің өзінде халықтың 3 пайызы ерікті сақтандыруды таңдаған. Ал бізде бұл көрсеткіш небәрі 0,8 пайыз, яғни бір пайызға да жетпейді.

Әлемдік рейтингте соңғы орында болсақ та, бұл сала еліміздегі басты қаржылық драйверге айналды. Тек өткен жылы «Мемлекеттік аннуитеттік компания» 35 мыңнан астам адамға 2,7 млрд теңге төлеген. Сектордың ЖІӨ-дегі үлесі 10 жылда 3 еседен астам өсіп, 0,61 пайызға жетті. Қазір компаниялар депозит пен инвестицияны біріктіретін жаңа өнімдерді ұсынуда. Нарықтағы оң өзгерістер туралы маман пікірін тыңдап көрейік.

ҚАЙРАТ МАХМУТОВ, САҚТАНДЫРУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨҢІРЛІК ДИРЕКТОРЫ:

Өмірді сақтандыру – денсаулық пен отбасылық табысты қорғаудың басты кепілі. Бүгінде азаматтардың қаржылық сауаттылығы артып, бұл құралға деген сенімі нығайып келеді. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша жасалған шарттар саны 10%-ға өссе, активтер көлемі бірден 33%-ға артып, 2,2 миллиард теңгеге жуықтады. Тұтынушылар үшін бұл – жай ғана сақтандыру емес, тиімді жинақтау тетігі.

Мамандардың пайымдауынша, сақтандыру – тек жеке тұлғаның емес, тұтас мемлекеттің қаржылық тұрақтылығының негізі. Мәселен, дамыған елдерде күтпеген жағдай орын алса, әлеуметтік жүктеме бюджетке емес, тікелей сақтандыру компанияларына түседі. Бүгінде елімізде сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры жұмыс істейді, бұл компания банкрот болса да клиенттің жинағын толық сақтап қалуға мүмкіндік береді. Алайда, бұл саланың экономикалық әлеуеті бізде әлі де толық пайдаланылмай отыр.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Енді бұл жалпы экнонмикаға әсері ол өте кері деп айтуға болады, өйткені азаматтардың сақтандырылуы, өімірін сақтандыру арқылы бұл азаматтардың жауапкершілігін арттыратын нәрсе, екіншіден қандай да бір жағдай болатын болса өміріне байланысты мемлекет емес сақтандыру қаражаттары арқылы жауап беруі, одан кейін оның тағы да бір үлкен кемшілігі сақтандыру арығы арқылы біз мемлекетке қосымша табыс әкелетін сектор арқылы қарастыруға болады.

Биылдан бастап өмірді сақтандыру өнімдеріне салықтық жеңілдіктер енгізіліп, полистерді мемлекеттік «Келешек» бағдарламасымен біріктіруге жол ашылды. Цифрландырудың арқасында 2030 жылға қарай ерікті сақтандыру үлесі 5 пайызға дейін өседі деген болжам бар. Демек, бүгінгі сақтық  ертеңгі қаржылық тәуелсіздік пен тұрақты экономиканың кепілі.