Қазақстанда үндістандық препарат айналымнан алынатын болды. Денсаулық сақтау министрлігі бір партиямен шыққан препаратты пайдалануға ресми түрде тыйым салған. Алайда, мәселе мұнымен бітпейтін сияқты. Қазір әлеуметтік желіде жұрт күнделікті ішіп жүрген өзге де дәрілердің зияны туралы дабыл қағуда. Қай дәрі қауіпті? Мамандар не дейді? Тілші тарқатады.
Әңгіме үндістандық «Десилмакс» дәрісі туралы. Оның BSE92301A сериясымен шыққан түріне қатаң тыйым салынды. Жарамдылық мерзімі келесі жылдың шілдесіне дейін деп көрсетілген бұл дәрілер сатылымнан дереу алынуы тиіс.
ГАУХАР РАЙМҚҰЛОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Олар сол бекітілген макетті алады да, өздері Үндістанға апарып, өндіреді. Өндірген кезде тура сондай болып шығарылуы тиіс. Бұл фирма бізге басқаша макет әкеліп отыр. Бекітілген макетке келіспейтін заттар әкеліп отыр.
Бүгінде сарапшылар халық көп қолданатын тағы бір препарат - «Нимесилге» қатысты дабыл қағуда. Ауырсынуды басатын бұл дәріні үй жағдайында бей-берекет ішудің соңы ауыр зардаптарға соқтыруы мүмкін. Мамандардың айтуынша, бұл препаратты жиі қолдану бауыр мен бүйрекке орасан зиян келтіреді.
ШЫҢҒЫС САДЫҚ, МЕТАБОЛИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МАМАНЫ:
Нимесулид негізіндегі препараттар, соның ішінде «Нимесил», көптеген Еуропа елдерінде балаларға мүлдем берілмейді және қолдануға қатаң шектеу қойылған. Оның токсикологиялық әсері өте жоғары. Адамдар басы ауырса да, тісі ауырса да осыны ішуге үйреніп алған. Бұл — бауырды улап, денсаулықты іштен ірітетін қауіпті әдет! Оны тек дәрігердің қатаң бақылауымен ғана, өте сирек жағдайда қолдану керек.
Желіде пікір қалдырғандардың қарасы қалың. Олардың арасында аталған дәрінің кері әсерін өз көзімен көргендер де аз емес.
БЛИЦ:
- 3 жыл бұрын өмірімде бірінші рет осыны ішіп, жүрегім тарсылдап тахикардия болғам. Содан кейін ішкен емеспін.
- Білдік те, білеміз де. Барлық пациенттерге оны ішу міндетті емес десем де, ішуін тоқтатпайды.
- Ішпе десе, ішпеңіздерші. Резервте артық бауыр, бүйрек, асказандарыңыз жоқ қой.
Мамандар «дәрінің де дәрісі бар» екенін ескертеді. Сондықтан, кез келген препаратты қабылдар алдында оның шыққан еліне, сериясына және ең бастысы жанама әсерлеріне мән беру маңызды.