“Қайрат” өз алаңында “Картахенаға” есе жіберді

Фото: “Қайрат” футзал клубы

Футзалдан UEFA Чемпиондар лигасының 1/4 финалдық кезеңінде қазақстандық «Қайрат» (Алматы) командасы алғашқы ойынын өз алаңында Испанияның «Картахенасына» қарсы өткізді.

Ойын барысында қазақстандық клуб алғашқы болып есеп ашты. Кездесудегі бірінші голды 21-минутта «Қайрат» қақпашысы Вандерсон Силва өз еншісіне жазды. Оған испаниялық команда екі голмен жауап қайырды. Осылайша алматылық клуб қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберді.

Енді 00:30-да «Семей» клубы сырт алаңда Францияның «Ницца» клубымен шеберлік байқасады. Ойын «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. 

Биыл футзалдан Чемпиондар лигасының элиталық кезеңіне өзгерістер енгізілді. Жарыстың аталған сатысында 16 команда сегіз жұпқа бөлінді. Командалар 2025 жылдың 24 қараша-6 желтоқсан аралығында өз алаңында және сырт алаңда бір-бір кездесуден өткізді.

Енді 2026 жылдың 23 ақпаны мен 6 наурызы аралығында командалар сол ереже бойынша ширек финалда сынға түседі. Финал 2026 жылдың мамыр айында Италияның Песаро қаласында өтеді. Онда төрт команда шеберлік байқасады. Алдымен жартылай финал болса, одан кейін финал мен 3-орын үшін ойындар өткізіледі.