2 жыл бойы «МолПродЖаркаин» ӘКК директоры А.С. Ефимкина және «Рассвет» шаруа қожалығының басшысы А.В. Маслов сүт және оны терең өңдеу өнімдерінің өндірісін арзандатуға арналған субсидияларды заңсыз алып келген,-деп хабарлайды Astana TV.
«Рассвет» шаруа қожалығында сүт өндіруге жеткілікті мал басы болмаған. Соған қарамастан электрондық шот-фактуралар ақпараттық жүйесінде «МолПродЖаркаин» ӘКК-не 3 млн кг-нан астам шикі сүт жеткізілгені туралы жалған құжаттар рәсімделген», - делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.
Мемлекетке келтірілген жалпы залал 152 млн теңгені құрады. Тергеу барысында 6 жер учаскесі, 4 пәтер, 11 автокөлік, мобильді ғимарат және өндірістік нысанға тыйым салынды.
Сот үкімімен А.В. Маслов пен А.С. Ефимкина 6 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.