Мексикада азамат соғысы басталып кеттті. Қарулы Күштер Халиско картелінің басшысын өлтіргеннен кейін, қылмыстық ұйым қарулы қақтығыс бастады. Украина Президенті Владимир Зеленский Еуропалық одақтастарын сынға алып, ашуын жеткізді. Айтуынша, бірауыздан шешім қабылдап, лайықты көмек көрсеткенде, соғыста ендігі жеңіске жететін еді. Украинаға көмек тақырыбы Брюссельде үлкен дауға әкелді. Еуропалық Одақтың екі мүшесі 90 млрд доллар ақшаны Украинаға бергізбей отыр. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Мексикада азамат соғысы басталып кетті. Әлемдегі ең қауіпті наркоқылмыскер Эль Менчо лақап атымен белгілі Немесио Рубен Осегера Сервантес Мексика әскерінің қолынан қаза болды. Артынша, елді билеп-төстеп отырған Халиско картелі күштік құрылым ғимараттары мен қызметкерлеріне шабуыл жасай бастады. Қарапайым халықты да аямаймыз деп отыр. Бір ғана Ұлттық Ұланның 26 сарбазын өлтірген. Картель қанша адамынан айырылғаны туралы әзірге ақпарат жоқ. Бірақ, Президент Клаудиа Шейнбаум жайдай тұрақты дейді.
КЛАУДИЯ ШЕЙНБАУМ, МЕКСИКА ПРЕЗИДЕНТІ:
Елдегі жағдай тұрақталып келеді. Барлық қалааралық тас жолдарды тазаладық. Кеше содырлар басып алды деген Пуэрто-Вальярта әуежайы да бүгін қайтадан рейстерді қабылдай бастайды. Дегенмен, тұрғындар мейлінше үйлерінде қалғаны дұрыс. Қазір, Халиско, Мичиокан, Гвадалахара штаттарында ғана қиян-кескі ұрыс жүріп жатыр.
Сендердің кесірлеріңнен соғыс әлі жалғасып жатыр. Владимир Зеленский Еуропалық әріптестеріне ашу-ызасын жеткізді. Украина-Ресей соғысы басталғалы бүгін 4 жыл болды. Украина басшысының айтуынша, Еуропа елдері қаржылай және әскери көмекті дұрыс көрсетпей, созып келді. Сондықтан, адам шығынына да, кінәлі Кәрі Құрлықтың саясаткерлері, - дейді Зеленский.
ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:
Ресей бізді ашық соғысты жеңе алмайтынын көрдіңдер. Киевті 3 күнде аламыз деп еді. Оның жанына да жолатпадық. Бірақ, бұл соғысты әлдеқайда ерте аяқтап, мыңдаған адамның өмірін сақтайтын едік. Бүкіл Еуропаны дәл біз қорғап отырғанымызды ұмытпаңдар. Әзірге, Кәрі Құрлықтың не әскери, не дипломатиялық қауқары болмай тұр.
Зеленскийдің сөзіне дәлел болғандай, Брюссельде үлкен дау туды. Украина мен екінші жағынан Венгрия және Словакия арасында түсінбеушілік пайда болды. Достық құбырына шабуылды тоқтатып, Ресейден мұнайды еш кедергісіз өткізбесең, көмекті тоқтатып тастаймыз, - деп екі ел Зеленскийге шарт қойды. Нәтижесінде, Еуропалық Одақ Ресейге қарсы санкцияның 20-ы жиынтығын бекіте алмай қалды. Бастысы, Украинаға берілуі тиіс болған 90 млрд Еуро ақшаны да Мажарстан мен Словакия бұғаттап отыр.
КАЯ КАЛЛАС, ЕУ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАС ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК:
Екі елдің әрекеттері біздің құндылықтарға сәйкес келмейді. Бұлай жалғаса берсе, жауапқа тарту керек. Будапешт пен Братислава, украиналықтардың өмірін ойыншыққа айналдырды.
Иранда қайтадан жұрт көшеге шықты. Бұл жолы студенттер қазіргі биліктің кетуін талап етіп, қарғыс жаудыруда. Бейресми мәліметтерге сәйкес, көшеге шыққан жастардың саны 10 мыңға дейін жеткен. Олар, Парсы шығанағына жетіп қалған АҚШ әскері шабуылдай ма деп алаңдаушылығын білдіруде.