"Биыл күріш пен мақта егістіктері азаяды",- министр

Биыл күріш пен мақта егістіктері азаяды. Оңтүстік өңірде суды үнемдей үшін осындай қадамға бармақ. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын цифрландыру күшейеді. Премьер-министр Олжас Бектенов жауаптыларға тапсырма берді. Тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.

Енді шаруалар егетін егістің көлемі мен дақылына қатысты алдын ала есеп береді. Себебі, министрлік бірнеше дақылға қатысты шектеу қойды. Мәселен, оңтүстік өңірлерде су тапшылығына байланысты мақта мен күріш алқабы қысқарады. Бидай алқаптарын азайтуда көзделген.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Жоғарыда аталған егіс алқаптарының құрылымы ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз ету үшін қажетті көлемде өнім алуға мүмкіндік береді. Осы орайда 2026 жылға арналған осы құрылымды және әртараптандыру бойынша жаңа индикаторларды бекіту ұсынылады.

Егін алқаптарын қаржыландыру қысқармаған. Керісінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, соңғы үш жылдан бері 1 трлн теңгеге дейін бюджет қаражаты қарастырылыпты. Оның ішінде техниканы лизингке алуға 300 млрд теңге бөлінген. Ал, шаруаларды дизель отынымен қамту үшін 402 мың тонна отын беру жоспарланған. Дихандарға нарықтан 15 пайызға төмен бағада саудаланбақ.

ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Ауыл щаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отыны қозғалысының ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз ету үшін жеке ПИН-кодтар алынды, дизель түсі сары, көк және қызылға боялды, электрондық шот-фактура жүйесіне дизель үшін бөлек виртуалды қойма құру шаралары қабылданды. Бұл шаралар мұнай жеткізушілердің дизель отынын операторларға мақсатты түрде нақты жеткізуді қамтамасыз етеді.

Өткен жылғы құрғақшылықтың кесірі биылда тиіп отыр. Мәселен Сырдария, Шу, Талас және Іле өзендерінің ағыны жылдағыдай емес. Сондықтан су қоймаларыныңда жағдайы мәз болмай тұр.

НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ:

Гидрологиялық модельдің есептеулеріне сәйкес Сырдария және Талас өзендерінің бассейндерінде су мөлшері көпжылдық нормадан төмен болуы ықтимал. Сырдария өзенінің жекелеген жанама салаларының учаскелерінде, сондай-ақ Шу өзенінің бассейнінде ғана су мөлшері норма шегінде болуы мүмкін.

Дегенмен, Премьер-министр Олжас Бектенов жағдай қаншалықты қиын болса да, шаруаларды сумен үздіксіз қамтамасыз ету шараларын қабылдауды міндеттеді. Ол үшін диқандарды тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесіне көшуге ынталандырып, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын күшейту керек деді. Бұдан бөлек, үкімет басшысы өнім көлемін болжау, су ресурстарын басқару және климаттық тәуекелдерді бағалау үшін цифрлық шешімдерді тартуды тапсырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Шаруалар осы уақытқа дейін несие алу үшін қажетті анықтамаларды қағаз түрінде тапсыруға мәжбүр. Бұл — өте қолайсыз әрі тым ұзақ. Ауыл шаруашылығы министрлігіне Цифрлық даму министрлігімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, диқандарға тиімді әрі ашық мемлекеттік қолдау көрсету үшін жеңілдетілген несие берудің техникалық рәсімін оңайлатып, оны цифрлық форматқа ауыстыруды тапсырамын.

Сонымен қатар биыл тұқым сапасына қатысты да бақылау күшейген. Тексеру жұмыстары сәуір айының ортасына дейін аяқталмақ. Ал 15 ақпаннан бастап тұқымды субсидиялаудың жаңа тетігі күшіне енді, ол отандық тұқым шаруашылығы субъектілерін қолдауға бағытталған.