Алматының іргесіндегі саяжай өркениеттен жырақта қалған

  • AstanaTV
  • 24 ақпан 2026

Алматының іргесіндегі саяжай өркениеттен жырақта қалған. Инфрақұрылымның игілігін көреміз деген үміттері сөнуге шақ қалған. Уәдеден шаршаған тұрғындармен тілшіміз жолықты.

Наурыз саяжайы Алматының іргесінде тұр. Соған қарамастан тұрғындар өркениеттен жырақта қалған. Жарық жиі өшеді, жолы жүруге жарамсыз. Таудан келетін судың да бағасын шарықтап тұр. Құрғақ уәдеден әбден шаршаған, тұрғындар тұрмысқа қажетті ең қарапайым жағдайдың өзі шешілмей отырғанына наразы.

ҒАЛИЯ ТОЛЫБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Біз Наурыздың тұрғындары электр энергиясы өзіміз қаржыландыратын болғандықтан, жаңағы потеря деген нәрсе бар соның бәрі халықтың қалтасынан шығып жатыр. Сондықтан біз электр қуатын өте жоғары тарифте төлеп жатырмыз. Үкіметтік тарифтен жоғары төлемде төлеп жатырмыз. Бұны бір адамдардың қалтасы көтермейді.

ӘЛІМБАЕВ ЖАҢАБАЙ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Су-жаман су. Ішуге болмайды мынау суды. Өзіміздің пұлымызға 400 мыңға фильтр қойдырдық. Біздің пенсиямыз вообще жетпейді, налог анау-мынауға. Бәрін тезірек ИЖС-ке өтуіміз керекпіз. ИЖС-ке өтсек барлық халықпен тең жасаймыз.

АЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:

Елдімекенде жалғыз мектеп бар, оның өзін екі жыл бұрын жұрт өздері талап етіп салдырған. Сол білім ошағына баратын көшеде де жарық жоқ, күн батса айнала қап-қараңғы болады. Жол бойына бағдаршам да қойылмаған. Тұрғындар балаларының қауіпсіздігіне алаңдайды.

Ашулы халықтың алдына әкімнен басқасының бәрі келді. Дүрліккен жұртты әрең басқан шенділер мәселені қалай шешіп жатқанын бізге де түсіндірмек болды.

АҚНИЕТ ТУМАТАЕВ, ЖАМБЫЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл жалпы кезінде дачный массив болған, кейінен Қарғалы ауылының аумағына кіргеннен кейін біз бұл ықшам ауданға жаңа электр желілерін тарту бойынша, жаңа су желілерін тарту бойынша жобалық сметалық құжаттамалары дайындалған. Мемлекеттік сараптамадан өткен. Шамамен су желісінің өзін ғана тарту 2,9 млрд теңгені құрайды. Ол бойынша бюджеттік өтінім берілді. Қазір бюджеттік өтінім қанағаттандырылған жағдайда, қаржы бөлінген жағдайда  біз бұл жерге жаңа су электр желілерін тарту бойынша жұмыстар жүргіземіз.

Осылайша жауаптылар жарыққа төлеп жүрген 49 теңгені сол жерде 40-қа түсіріп, наурыздықтарды наурыз айында түсетін қаржымен қалған мәселелерін шешеміз ден сендірді.